Әлеуметтік желіде өзенге балыққа келіп, «үйрек» ұстап алғанын айтқан ер адамның видеосы пайда болды. Желі қолданушылары ер адамның қолындағы құс аққу екенін алға тартуда. Бұл жайттың Қызылорда облысында болғаны жазылған. Осыған қатысты өңірлік полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. Аталған видео Instagram парақшаларының бірінде жарияланды. «Қызылордада киелі аққу құсына шанышқы тығып өлтірген. Не сұмдық бұл? Қатаң жаза қолдануларыңызды сұраймын», – делінген жазба сипаттамасында.
Видеода сыртында сөйлеп тұрған ер адам танысының балық аулап жүріп үйрек ұстап алғанын, кешке қуырдақ болатынын айтады. Видеоны көрген желі қолданушылары полициядан бұл адамдарды жазаға тартуды сұрауда. Олардың сөзінше, видеодағы құс үйрек емес, аққу. «Жүрегім ауырғаны-ай осы видеодан», «Мыналар аққу екенін де білмейді ғой, «үйрек» дейді», «Үйрек емес, ол – киелі аққу. Аққуды өлтіруге болмайды», – деп жазуда желі қолданушылары.
Бұған қатысты Қызылорда облысы полиция департаменті пікір білдірді. «Әлеуметтік желіде жарияланған видеодағы аққу құсын арнайы құралмен аулап-ұстау дерегі Қызылорда облысының полиция департаментінде және оған бағынысты қала, аудандық бөліністерде тіркелмеген. Қосымша тексеру жұмыстары жүргізілуде», – дейді құзырлы органның баспасөз қызметінің өкілі Гүлжаһан Қайырбекова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<