Ұмытпасақ, 2020 жылға дейін балық шаруашылығында біраз мәселе болды. Мұның ішінде құқықтық базаның жеткіліксіздігі, көлеңкелі айналым, инвестициялық қызығушылық болмауы, мемлекеттік қолдаудың аздығы, жеңілдетілген несиенің жоқтығы, балық өсіретін кешендердің тозғандығы сала жұмысын алға бастырмады. Артынша 2021 жылы Үкімет 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдады. Оның басым бағыттарының бірі – табиғи су айдындарындағы ресурстарға түсетін жүктемені азайту. Сондай-ақ олардың тұрақты түрде көбеюін қамтитын аквашаруашылық субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту еді.
БАҒДАРЛАМАДАҒЫ БАСЫМДЫҚ НЕДЕ?
Негізгілерін еске түсірсек. Құжатта 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін әр жыл сайын 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту туралы айтылған. Сондай-ақ ішкі нарықтағы балық өнімдерін тұтынуды жылына 67 мыңнан 134 мың тоннаға дейін арттыру бар. Ал табиғи балық популяциясын 7%-ға көбейтіп, 237 мың тоннаға жеткізу жоспарланған еді.
Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, республикада 700-ден астам балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Түркістан, Жамбыл, Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.
«2025 жылдың қорытындысымен балық өнімдерінің көлемі 131,9 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға артық. Жыл басынан бері еліміздің табиғи су айдындарынан 72,7 мың тонна балық ауланып, 26 мың тонна балық өсірілді. Сонымен қатар, 22 мың тонна балық экспортталды. Қазір жылдық қуаттылығы 126 мың тонна болатын 73 кәсіпорын балық өңдеумен айналысады, оның ішінде 20 кәсіпорын Еуропа елдеріне балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алған. Балық өнімдерінің 50-ден астам түрі әлемнің 21 еліне, соның ішінде Германия, Латвия, Литва, Нидерланд, Ресей және Қытай мемлекетіне экспортталады. Балық өсіру көлемі бойынша ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында тіркелген», дейді комитет өз ресми мәліметінде.
Былтыр маусым айында Мемлекет басшысы «Аквашаруашылық туралы» заңға қол қойған болатын. Заңды іске асыруда 60-тан аса құқықтық акті қабылданыпты. Оның ішінде су айдындарын бекіту қағидалары, аквашаруашылық субъектілерінің тізілімін жүргізу ережелері, балық өсіру-биологиялық негіздемелерді әзірлеу мен субсидиялау тәртібі және балық шаруашылығын дамытуға серпін беретін өзге де маңызды құжаттар бар.
«2021 жылдан бері субсидияға бөлінген қаражат 0,5 млрд теңгеден 2026 жылы 5,6 млрд теңгеге жетті, яғни 11 есе артты. Сондай-ақ жеңілдетілген бюджеттік несиелеу арқылы балық өсіру және өңдеу жобаларын қаржыландыруға 2,5% мөлшерлемемен несие беру қарастырылған. 2025 жылы 10 балық шаруашылығы субъектісі 5,7 млрд теңге сомасында несие қаражатын алды. Жұмыс биыл да жалғасады» дейді ведомство мәліметінде.
Жалпы 2021-2024 жылдары құны 21,4 млрд теңгені құрайтын, жылдық қуаты 20 мың тоннадан асатын балық өсіру және өңдеу бойынша 87 жоба (Қызылорда облысында 14 жоба) іске асырылған. Осыдан соң импортқа тәуелділік шамамен 15%-ға төмендеп, 1200 жұмыс орны ашылыпты.
«2025 жылы 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жалпы көлемі 4,2 млрд теңгені құрады. Жобалар балық өсіру шаруашылықтарын құруға және кеңейтуге бағытталған. Бұл нысандардың жобалық қуаты жылына 1,3 мың тоннадан астам балық өнімін өндіруге мүмкіндік береді. Бұдан өзге, 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 5,2 млрд, ал 2025 жылдың қорытындысымен 5,8 млрд теңгені құрады», деп жазады комитет мәліметінде.
Ал осы жылы әкімдіктермен бірлесіп, жалпы құны 54 млрд теңгені құрайтын және 2030 жылға дейін іске асырылатын 40 жоба айқындалған. Мұның барлығы келешекте балық өсіру көлемін жылына 14,4, өңдеуді 10, балық азығы өндірісін 6,8 мың тонна көлемінде ұлғайтуға жоспарланған. Айтпақшы, комитет Алматы, Маңғыстау және Ақмола облысында балыққа арналған жем өндірісінің заманауи зауыты құрылысын ұйымдастыру мәселесін қарап жатқан көрінеді.
МАМАН БӘРІН ШЕШЕДІ
Сарапшылар балық шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге кейбір жергілікті әкімдік тарапынан қолдау аздығын айтады. Құжаттардың әурешілігі, сондай-ақ тиісті түсіндірме беретін кеңсе маманы жоқ. Тым тапшы. Ал ихтиолог, балық өсіруші, «Poseydon» ЖШС бас директоры Мейрамбек Пазылбековтің айтуынша, аквашаруашылықтарға қатысты, яғни қолдан балық өсірудің 2030 жылға дейінгі межесі бағдарламада айтылғандай 270 мың тоннаға жете ме?
– Қазір 2026 жылдың басындамыз, бағдарлама уақытының жартысы өтті. Енді құжатта көрсетілген индикаторлар орындалып келе ме? Меніңше, орындай алмадық. Маман ретінде айтсам, Үкімет бекіткен жоспар не бағдарлама болсын, алдымен заңнамалық нормаларға бір мұқият қарап алған жөн. 2020 жылы бағдарлама жоспарын түздік, артынша бір жылдан соң оны қабылдап жібердік. Енді келіп 2025 жылдың жазында «Аквашаруашылық туралы» заңды қосымша қабылдап отырмыз. Құп делік. Жауапты комитеттің бұған дейін Экология және табиғи ресурстар, енді келіп былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауысуы салаға деген немқұрайлықты көрсеткендей.
Қош, басты орган – Балық шаруашылығы комитеті дедік. Мен бұған дейін айтып та, жазып та жүрмін. Біздің салада маман жоқ немесе тым аз. Ал маман жоқ жерде даму жоқ. Бірақ балық өсіру не көбейту, субсидия, кәсіпті жүргізуге жеңілдіктер жайлы көңіл күйді көтеретін жаңалықтар телеарна, газет, әсіресе әлеуметтік желілерде желдей есіп тұр, – дейді белгілі ихтиолог.
Мейрамбектің айтуынша, балық шаруашылығын дұрыс жүргізсең, табыс көзіне айналдыруға болады. Ол үшін білім мен тәжірибесі ұштасқан нағыз маман болуың шарт.
– Бұған дейін балық шаруашылығы мамандарын көптеп дайындау туралы Үкіметтің ниеті болған. 2021-2022 жылдары 450 оқу грантына дейін бөлгенмен, мамандыққа аса құштар жастар бола қоймады. Игерілмеген гранттар кейін қайтты. Неге? Өйткені, жас буын балық саласының келешегіне күмәнмен қарайды. Жұмыстың ауырлығы өз алдына, мамандық елімізде аса танымал емес. Екіншіден, бағдарлама нәтижесі алғашқы жылдары жаман болған жоқ. Көптеген шаруашылық әр өңірде ашылды. Тіпті Алматы облысында 10 мың тонна балық өсіретін екі ірі шаруашылық құрылды. Бірақ олардың көбі балық өсірушілерді шетелден алдырды. Отандық мамандарға деген ынта болған жоқ. Біз миллиардтаған қаржы құйып, балық кәсібін жандандырмас бұрын, алдымен отандық балық өсірушілердің жағдайын дұрыстауымыз керек. Жоқ болса, оқыталық. Мейлі, елімізде, тіпті қажет болса шетел оқу орындарында. Мен жиі айтамын, шетелден келген маман бізде тұрақтамайды. Уақытша ғана. Әрі қарай ол кеткен соң шаруашылықтың ішкі мәселелерімен өзің қаласың. Өзіміздің қаракөздер болса, әлеуметтік жағдайы дұрыс жарақталса, ол шаруашылықтың көпжылдық дамуын қамтамасыз етпей ме? Көптеген шаруашылықтардың жақсы басталып, артынша тоқырауға ұшырауы маман жоқтығынан болуда, – дейді Мейрамбек.
ТӨЗІМ БОЛСА ҒАНА ТАБЫС БАР
Мейрамбек Пазылбеков балық өсіруге қызыққандарға алдымен кәсіпті жіті зерттеу керектігін ескертеді. Дұрысы, шаруашылықты ашпас бұрын, жеріңізді, балық тұқымын, келетін суды, оның сапа құрамын, тартылатын инфрақұрылымды есептеп, ихтиологпен ақылдасқан жөн. Ол тіпті ақылы түрде болса да соған жүгінген дұрыс. Әрі ондай мамандар елде бар. Олай етпесе, шығынға ұшырайтыны тағы бар.
Қазір елімізде тұқы тұқымдас балық түрлерін өсіру пайдалы. Сазан, ақ амур, дөңмаңдай қандай да ас мәзірінде құндылығын жоғалтқан емес. Әрі табиғи судағы бұлардың түрлері тым майдаланып барады. Қоры аз. Өйткені, өзен-көлдерден шамадан тыс аулау мен броконьерлік көбейген. Уылдырық шашу кезінде де тыйымға қарамастан ау-құралын судан айырмайтындар көп.

– Заманауи технологияны қолдана отырып, осы балық түрлерін бір маусымда өсіруге болады. Сапалы жеммен қамтысаң, оттегі беретін құрылғыларың дұрыс болса көктемде салған шабағың күзде тауарлы балыққа айналады. Тағы бір маңызды балық түрі – форель. Бахтах деп те айтылады. Елдегі Көлсай көлдерінен өзге табиғи су айдындарында онша жерсінбеген. Жылдам өседі, құны да жоғары. Біздің шаруашылыққа мұның уылдырығы шетелден, мұхит асып АҚШ-тан келеді. Одан соң өзіміздегі арнайы инкубациялық цехта уылдырықтан шабақ түрінде шығып, бөлек бағылады. Форельді шабақ күйінде балық өсірушілерге сатуға болады. Қосымша тауарлы балық ретінде сауда сөрелеріне жайғастыра аласыз. 300 грамнан жоғары болса, арнайы мейрамхана, кафе иелері ас мәзірі ретінде тапсырыс береді. Бір сөзбен айтқанда, осы кәсіптегі бар мәселеге төзіммен қарап, балық өсірем десеңіз ғана табысқа кенелесіз, – дейді Мейрамбек.
Оның сөзінше, Қазақстандағы қазіргі балық өнімдерінің 70 пайызы – импорттық тауар. Қалғаны өзіміздегі табиғи су айдындары мен аквашаруашылықтарда өсірілген балық.
– 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентіміз ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өндеу және импорттық тауарлардың үлесін азайту туралы жақсы айтты. Меніңше, тағам өндіруде біздегі аквашаруашылықтардың жұмыс істеуі өте маңызды. Бұл жағынан бәсекелестіктен қорықпаған жөн. Бастысы, мемлекеттен қолдау қажет. Өйткені, біздегі аквашаруашылықтарды дамытуға жоғары технология, мамандар, қажетті құралдар және балық азығы жетіспейді. Бұлардың барлығында шетелге жалтақтап отырмыз. Жемнің өзі Иран, Қытай, Европа, Түркиядан келеді. Арнайы құрылғыларың да солай. Бұлардың бағасы шетел курсына тікелей байланысты. Курс көтерілсе, құны да көтеріледі. Айтып отырғаным сол, қабылданған бағдарламаның ортасына келсек те, әлі балық жемін шығаратын бірде-бір зауыт салынбады. Өйткені, жем дайындайтын кәсіпорын құру аталған бағдарлама шеңберінде орындалуы тиіс еді. Ал балық өсіруге қажеттінің бәрі өзімізде болса, өнім бағасы да тұрақты болады, – деп сөзін қорытты М.Пазылбеков.
СУ ҚОРЫ САРҚЫЛМАСА…
Дейтұрғанмен өңірде тоған салып, тауарлы балық өсіруге ден қойғандар баршылық. Соның бірі – Арал ауданындағы «Қаратерең-2022» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Құрылтайшылардың бірі Арман Сейтжановтың сөзінше, Қаратерең ауылындағы бірнеше отбасы бірігіп, жоба бастаған. Әрқайсысының көлемі 1 гектардан асатын 3 тоған дайындап, қазір біреуінде балық өсірілуде.
– Мемлекет қолдауына сүйеніп жұмысты бастадық. Қазір жергілікті балық қоры азайды. Халық көп тұтынатын сазанның өзі басқа жақтан келеді. Екіншіден, су тапшылығы кесірінен көп көл құрғап тұр. Біз көбіне осындай тартылуға жақын су айдындарында, шабындық өзектерден қалған майда шабақтарды тоғанға салдық. Бұған рұқсат бар. Дұрысы, қырылу қаупінде жатқан балық түрлерін әкелдік. Ал қажет суды арнайы насоспен айдаймыз. Жер жағдайын да әбден зерттедік. Бұйырса, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызпен бөлінген несие қаражатын күтіп отырмыз. Бұрын кооператив ретінде егін шаруашылығымен, мал азығын өсірумен айналыстық. Өзім де бұған дейін тоған шаруашылығында жұмыс істедім. Тәжірибе жоқ емес, – дейді ол.
Тоғанға 150-200 грамдық тұқы тұқымдас 7 мыңға жуық шабақ салған кооператив басшысы келешекте уылдырық шайқау цехын жоспарлап отыр.
– Жергілікті халық балық аулаумен айналысқан соң бұл кәсіпті жан-жақты кеңіткіміз келеді. Көзін тапсаң, тіршілік көп. Ең бастысы, жоғарыдан келер су қоры азаймаса болғаны, – дейді Арман Сейтжанов.
Сондай-ақ Аралда «Қамыстыбас балық питомнигі» жұмыс істейтіні белгілі. Мемлекеттік тапсырыспен 12 млн біржаздық, 420 мың екіжаздық тұқы және шөпқоректі балық түрлерін (дөңмаңдай, ақ амур) дайындайды. Шабақтар Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені мен Қамыстыбас көліне жіберіліп отыр.

Қазір питомниктің уылдырық шайқау цехынан шыққан 50 млн-ға жуық дернәсіл тиісті салмағына жеткенше тоғандарда бағылады. Ал мемлекеттік тапсырыспен дернәсілдер алынған соң балық өсірушілерге ауысқан тұқы, дөңмаңдай, ақ амур дернәсілдері келісімшартпен, ветеринариялық анықтамасымен сатылады. Бір дернәсілдің мемлекеттік бағасы – 0,68 теңге.
– Питомник тоғандарында мемлекеттік тапсырыспен өсірілген осыжаздық шабақтардың орташа салмағы 20, ал екіжаздық шабақтардың салмағы 150 грамға жеткен соң су айдындарына жіберіледі. Бұл жұмыс қыркүйек-қазан айларында жүреді. Балықтандыру жұмысы аяқталғаннан кейін мемлекеттік тапсырыстан артылған, орташа салмағы 20 грамм құрайтын шабақтар да балық шаруашылықтарына сатылады. Бір шабақ бағасы – 28,9 теңге. Сұраныс та жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2024 жылы 3700000 дернәсіл, 320 278 біржаздық шабақ сатылған болса, былтыр 8441750 дернәсіл, 738 935 біржаздық шабақ сатылған. Жалпы «Қамыстыбас балық питомнигі» кәсіпорны тек Қызылордада ғана емес, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Түркістан өңіріндегі балық өсіруді қолға алған кәсіпкерлерді де шабақтармен қамтып келеді, – дейді питомниктің балық өсіру маманы Адай Ералиұлы.
Бүгінде кәсіпорын Қызыл кітапқа енген Арал қаязы және Арал пілмайын тоғанда өсіріп, өнім алу жұмыстарын бастаған. Өткен жылы Сырдария өзенінен ауланып, өсірілген Арал қаязынан алғаш рет зауыттық әдіспен инъекция егу арқылы дернәсіл шығарып, тоғанға жіберіпті.
– Бұл – кәсіпорынның балық шаруашылығы саласындағы ең үлкен жетістігі. Әрі қарай да балық шаруашылығының дамуына, су айдындарында балық қорының көбеюіне және жойылу қаупі бар балық түрлерін толтыру үшін аянбай еңбек ете береміз, – дейді балық өсіруші.
Бүгінде облыста жоғарыда айтылған бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін балық өсіру көлемін 16 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланыпты. Сондай-ақ 16 тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы, 12 тоған, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысын іске қосып, тауарлы балық өсіретін шаруашылық санын 55-ке жеткізбек.
– 2024 жылы облыста 1001,2 тонна балық өсіріліп, балық шаруашылығын дамытуда белгіленген көрсеткіш толық орындалды. Былтыр көл-тауарлы балық шаруашылықтарымен 1400 тоннадан астам тауарлы балық өсірілді. 2024 жылы акваөсіру өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру үшін облыстық бюджеттен 9 млн 524 мың теңге бөлініп, 6 балық өсіру шаруашылығы 3 бағыт бойынша толығымен субсидияланды. Ал жем сатып алуға жұмсалатын шығыстардың 30%-ын субсидиялауға 10,1 млн теңге қаралып, қазір келіп түскен өтінімдер күту парағына қойылды, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Дәмелі Бердешова.
Айта кетейік, өңірде теңіз бен Сырдария өзенінен бөлек, балық шаруашылығында маңызы бар 201 көл бар. Оның ішінде теңіз бен 164 көл конкурстық негізде әртүрлі жылға табиғат пайдаланушыларға бекітілген. Қалғаны резервтік қорда. Сондай-ақ бізде 16 түрлі балық кәсіптік негізде ауланып жүр.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





