Әлеуметтік желіде Кентау қаласының әкімі мен орынбасарының атынан жалған парақшалар ашылды. Онда алаяқтар түрлі жазбалар қалдырып жатыр.
Кентау қаласы әкімдігінің хабарлауынша Facebook, WhatsApp, Instagram, Messenger және Telegram парақшаларында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың және орынбасары Ғалымжан Тулеповтың атынан жалған хабарламалар жіберіліп жатыр. Сондықтан әкімнің фотосуреті қойылған жасырын нөмірден қоңырау түссе немесе хабарлама келсе, оған мән бермеу қажет.
«Интернет алаяқтар жалған жазбалар жіберуде. Сіздерден жалған ақпаратқа сеніп, бейтаныс нөмірге ақша аудармауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер» – делінген әкімдік тарапынан таратылған ақпаратта.
Ал, қала әкімі Жандос Тасов қазіргі таңда фейк парақшаны қолданушыны анықтау мақсатында құзырлы органдарға арыз жазылғанын жеткізді.
«Заң аясында жауапкершілікке тартылатын болады. Сондықтан, фейк парақшадан жазылған қандай да бір өтініш немесе тапсырмаға, бопсалауға алданып қалмауларыңызды сұраймын»-деп жазды ол желідегі ресми парақшасында.
Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Бағдәулет Тұрмановтың да бүгін желіде жалған парақшасы пайда болған. Бұл жайында пікір білдірген депутат, алаяқтар жеке фотосын пайдаланып жалған парақша ашқанын айтты. Сондай-қа, көпшілікті алаяқтардан сақ болуға шақырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<