Алаяқтар ХҚО сайты бұзылғаны жайлы жалған хабар таратты

11

0

Фото: stopfake.kz

Әлеуметтік желіде халыққа қызмет көрсету орталықтарының сайты бұзылғаны туралы ақпарат тарады.

WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы тарап жатқан аудиожазбада полициядан ХҚО сайтының бұзылғаны жөнінде хабар түскені, соған байланысты eGov mobile арқылы 1414-тен хабарлама келсе, ешқандай сілтемеге кірмеу керектігі айтылады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ БҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

«Мемлекеттік корпорация ХҚО-ның бірыңғай сайты жоқ екенін хабарлайды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметті өз орындарында көрсетеді. Мемлекеттік қызметтерге онлайн тапсырысты электрондық үкімет порталы немесе eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. 1414-тен жіберілген хабарлама жалған емес. Бұл хабарлама eGov mobile-да тіркелмеген пайдаланушыларға түсті. Аталмыш мобильді қосымша сауалнамалардан өту үшін, сондай-ақ жаңалықтар туралы хабарлау үшін әртүрлі өмірлік жағдайларда жеке SMS және push-хабарлама жібереді» деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда ХҚО операторларына 300 мыңға жуық бейнеқоңырау түскенін жазған едік.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<