Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған аудан әкімі Амажол Оңғарбаев қатысып, жиынның күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Комиссия отырысында алаяқтық қылмыстарының алдын алу бойынша шаралардың барысы туралы және жеке адамға қарсы қылмыстардың және олардың алдын алу бойынша атқарылған шаралар туралы Арал ауданының полиция бөлімінің бастығы Н.Әлтай баяндама жасады.
Қазіргі таңда интернет алаяқтығына қатысты қылмыстар мен оқиғалардың орын алып жатқаны жасырын емес. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында 4 интернет алаяқтығы тіркеліп, жәбірленушілерге милиондаған қаржылық шығын келген. Адамдардың сеніміне кіріп, құйтырқы әрекеттерін жүзеге асыру деректері қазірдің өзінде толастамай тұр. Онлайн несие рәсімдету немесе ақша аудару әрекеттерінен болған интернет аляқтықтың түгелдей дерлігі ашылмаған. Себебі мұндай істе айғақтар жеткіліксіздігі айтарлықтай кедергі келтіреді. Түрлі әлеуметтік платформалар шыққан сайын, интернет алаяқтықтың да ауқымы кеңейіп келеді. Бұл мәселеге қатысты Мемлекет басшысының да арнайы тапсырмасы бар.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы алаяқтық қылмыстарының алдын алу бойынша шараларды күшейту керектігін әсіресе интернет аляқтыққа қатысты тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты күшейту жөнінде құзырлы орган басшыларына тапсырма беріп, қоғамдағы өзекті мәселені назардан тыс қалдырмау керектігін жеткізді.
– Заман ағымына сәйкес арнайы білімі бар мамандарды тарту, кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру секілді жұмыстарды қолға алу қажет деп санаймын. Қылмыстың алдын алу – ортақ міндет. Сондықтан, алдағы уақытта елді мекендерде өткізілетін есепті кездесулерге міндетті түрде өзіңіз барып, тұрғындарға хабарлама жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіз, түрлі үнпарақтар тараттырыңыз. Бұның өзі қылмыстың алдын алуда тиімді шаралардың бірі болары анық, – деді А.Оңғарбаев.
Жиында қылмыстың алдын алуда қоғамдық орындар мен аллеялар және саяқбақтарда орын алып жататын ұсақ құықбұзушылық әрекеттерінің алдын алу маңызды екені айтылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында түзеу мекемелерінен босатылған азаматтармен де тығыз жұмыс жасалуы керектігі сөз болды. Осы және өзге де мәселелерге назар аударған аудан әкімі қала тазалығы мен бейнебақылау камераларының жұмысын да сынға алды.
Жиын соңында аталған мәселелерді жан-жақты саралап, кемшіліктерді қалпына келтіру және бақылауға алу жөнінде құзырлы мекеме басшыларына тапсырма жүктеді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі





