АЛҒАШҚЫ ОЙЫН ТАРТЫСТЫ ӨТТІ

293

0

Өткен жексенбі күні жергілікті «Қайсар» мен «Ақтөбе» командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының алғашқы ойыны өтті. Ғ.Мұратбаев атындағы стадионда жергілікті команда жанкүйерлерінің қарасы қалың болды. Жаңа маусымның салтанатты ашылуына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келіп, ойыншылар мен жанкүйерлерді құттықтады. 

Қызылордалық жанкүйерлер өз командасынан тек жеңіс күткені анық. Оның үстіне, қонақ команда сапында төленбеген қарыздарының салдарынан бірде-бір легионердің болмауы жеңіске деген үмітті еселей түскендей еді. Сондықтан болар, «Ақтөбе» ойыншыларының ойынды қорғаныстан бастағаны ешкімді таңғалдыра қоймады. Жергілікті команданың дүркін-дүркін шабуылдауына қарағанда жеңістің ауылы алыс емес-тін.

Қайсарлықтар бірнеше мәрте қауіпті соққы бағыттағанымен, доп қарсылас команданың қақпа сызығынан кесіп өте алмады. Ойынның тура 75-ші минутында жанкүйерлердің айқайы бұрынғысынан өзгеше естілді. Оған себеп ақтөбелік жартылай қорғаушы Асланбек Кәкімовтің 11 метрден тепкен айып добының нәтижелі болуы.

Алғашқы тур бойынша өзге ойындар: «Ордабасы» – «Шахтер» 2:1, «Жетісу» – «Тобыл» 0:1, «Ертіс» – «Атырау» 2:1, «Қайрат» –  «Қызылжар» 2:1, «Астана» – «Ақжайық» 3:0.

Жергілікті «Қайсар» ендігі ойында 17 наурыз күні өз алаңында «Ақжайықты» қабылдайды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<