Аймақта менингококты инфекцияның алғашқы жағдайы тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Ұлболсын Аханаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абудусаметов хабарлады.
– Инфекцияның алғашқы белгісін жұқтырған Жаңақорған ауданының 27 жастағы тұрғыны. Ол 31 мамыр күні жедел түрде ауруханаға жатқызылды. Тексеру жұмыстары жүргізіліп, барлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Қазіргі күні жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда. Аталған жағдайға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан штаб құрылып, жұмысын бастады. Басқарма мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары осы ауданда жұмыс жүргізуде, – дейді Ж.Абдусаметов.
Айта кеткен жөн, тіркелген оқиғаға байланысты науқаспен қарым-қатынаста болған 11 адам анықталып, бақылауға алынған. Жаңақорған аудандық аурухана қызметкерлері тарапынан үй аралап, аталған сырқатқа күдіктілерді анықтау және ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен, облыс көлемінде менингококты инфекцияның алдын алу және ерте анықтау шаралары ұйымдастырылуда.
Жиын барысында Ұлболсын Аханаева инфекцияның таралуы мен белгілеріне тоқталды.
– Инфекция негізінен сырқат адамнан ауа және тамшы арқылы таралады. Сондықтан жеке бас гигиенасын сақтау, халық көп шоғырланған ортадан сақтану, бетперде қолдану өте маңызды. Мұндай диагноз 2014-2015 жылдары да тіркелген. Бірақ ерте алдын алу жұмыстарын жүргізу мен тұрақты ем қабылдаудың арқасында тіркелген азаматтар айықты. Сол себепті дене қызуы көтеріліп, бас ауырып, денеге бөртпелер шығып жатса, дереу көрінген абзал. Бұл індет ауа арқылы берілетіндіктен тез тарайды. Сақтық, алдын алу шараларын күшейтуіміз керек, – дейді ол.
Инфекциядан сақтанудың тиімді жолдарының бірі – вакцинация қабылдау. Ақылы екпе жұмыстары алдағы уақытта басталады. Оның құны 22 мың теңге көлемін құрайды.
М.ОТАРАЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<