Алаяқ әйелдер көбейген

320

0

Алаяқ әйелдер көбейген Бүгін қала тұрғындарын пәтер алып беремін деп сан соқтыратындар көбейген. Сотта қаралып жатқан істер қатарында осы баптағы қылмыстар саны артқан.  Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов мәлім етті. Брифингке, сондай-ақ, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Сәрменбаев және қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Бауыржан Савлябеков  қатысты.

Соңғы кездері адамдардың сеніміне кіріп, кезексіз пәтер алып беруге сендіретін алаяқтар қатары артқан. Оңай жолмен олжаға кенеліп жүрген бұлар адамдардың ақшасын алған соң із суытады.

Бұған дәлел соңғы уақыттары құқық қорғау орындарына осындай арызбен шағымданушылар санының өскені. Бар-жиған терген қаражатын алаяқтың қолына қалай беріп қойғанын кеш түсініп, бармақ тістеп қалатындар жетерлік екен. «Тұрғындар мынаны білуі тиіс. Пәтер заңды жолмен, яғни кезекпен беріледі. Сол үшін  сауалдарыңызды тек тиісті органдарға ғана барып қойған жөн»,–деді Ш.Байманов.

Көлденең кездескен адамға сенгенше қалалық тұрғын үй инспекциясына келіп, сондағы мамандардың көмегіне жү­гінуге болады. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы  Берік  Әбдіғаппарұлы алаяқ­тықтың алдын алу үшін тек тиісті орындармен бірлесе жұмыс жасау керектігін ескертті. Сонда мұндай келеңсіздікке жол берілмейді.

Жалпы, алаяқтыққа баратындар, әсіресе 25-35 жас аралығындағы әйел адамдар екен.  Көпшілігінің мамандығы және тұрақты жұмысы жоқ. Олар алдымен өздерін білімді де салиқалы адам ретінде көрсетуге тырысады. Кейін «тез қаржы таппасаң,  дайын тұрған үйден айырылып қаласың!» деп асықтыру арқылы ойын іске асыратын көрінеді. 

Биылғы  жылдың үш айында Қызылор­да  қаласының ішкі істер басқармасының тергеу саласына 162 алаяқтық қылмыстық іс тіркелген. Бұл бойынша тиісті жұмыстар атқарылған. Тергеу бөлімінің бастығы Бауыржан Савлябековтың айтуынша, тіркелген алаяқтық қылмыстың басым бөлігі кезексіз пәтер алып беруге, банктерден ірі көлемде несие алуға, жұмысқа орналасуға, жер, жүргізуші куәлігін алып беруге және диплом жасап беремін  деген алаяқтың арбауына түсіп қалғандар.  Сонымен бірге әлеуметтік желі арқылы жасалатын алаяқтық та көбейген. Мәселен,  интернеттен көрген керекті затқа қол жеткізу үшін желінің арғы жағындағы жанмен байланыс орнатасыз.  Желіде жарияланған суретке қарап, тапсырыс бересіз. Ал ақшасын  кез келген сауда орындарында орналасқан терминал арқылы төлейсіз. Бірақ біршама уақыт өткеннен кейін тауар да, ақша да жоқ екеніне көзіңіз жетеді. Демек, сіз алаяққа алданып қалдыңыз. Міне, осылай қаншама адамдар алаяқтың оңай алдауына түседі.

Ескеретін жайт, адамдар алданып қалғандарын дер кезінде құзырлы орындарға барып, шағымданбайды екен. Көпшілігі біраз уақыт өткізіп алады. Егер сіз де осындай істе күдік пайда болса, сол мезетте құқық саласының мамандарының көмегіне жүгін­геніңіз дұрыс.

Сара  АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<