АЛДАҒЫ ЖЫЛЫ САЛЫҚ ЖҮКТЕМЕСІ АЗАЯДЫ

363

0

АЛДАҒЫ ЖЫЛЫ САЛЫҚ ЖҮКТЕМЕСІ АЗАЯДЫ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Мұса Қалдарбеков «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясындағы салықтық  жүктемені азайту бағытында  атқарылатын шаралар жайлы айтты.
– Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік  бастамасы» Үндеуінде қарапайым халықтың әл-ауқатын арттырып, жағдайын жақсарту көзделген. Мемлекет басшысы баспаналы болудың тиімді тетіктерін қарастырып, жұртқа жәрдем ретінде жеңілдетілген несие ұсынып,  білім беру гранттарын көбейтіп, газдандыру мәселесі мен жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуға  пәрмен берді. Осы бағыттар бойынша барлық салада тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Мұса Оспанұлы.
Жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесі 10 есеге азайып, 1 процент қана салық салынбақ. Осылай ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салық жүктемесі жеңілдейді. Бұл – қарапайым жұмысшылар мен қызметкерлер үшін қосымша қолдау.
Биыл айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2405 теңгені құрайтынын ескерсек, бұл талап 60125 теңгеге дейінгі мөлшерде айлық алатындарға қатысты. Мәселен, 50 мың теңге жалақы алатын қызметкерден ұсталатын табыс салығы 1672 теңгені құраса, келер жылдан бастап  167 теңге  болмақ.
Жалпы, Елбасының бұл бастамасы жалақысы төмен азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Ал, олардың үлесі барлық жұмыс жасап жүргендердің үштен бір бөлігін құрайды. Сонымен бірге бастама «конверт» арқылы жалақы төлеу әдісін жояды. Жалдамалы жұмысшылардың көлемін жасыру арқылы салықтан жалтарушыларды тасадан шығаруға және өз шаруашылығын жасап, табыс табатындардың кәсібін заңдастыруға мүмкіндік береді.
Облыс бойынша статистика департаментінің деректеріне сүйенсек, өткен жылы  қызылордалықтардың орташа жалақысы 110 мың теңгеге тең болған. Бірақ, бұл бізде төменгі жалақы алатындар жоқ дегенді білдірмейді. Елімізде халықаралық стандарттар деңгейінен қарағанда жеке тұлғалардың табысына салынатын салық төменгі мөлшерлі ставкаларға жатады. Табыс салығы мемлекеттің салық жүйесінің айтарлықтай бөлігін құрайды. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге өзіндік ықпалы бар тетік саналады.

Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<