Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы «Жомарт жан» орталығының ұйымдастыруымен «Вайнах» облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің қолдауымен қайырымдылық іс-шарасы өтті.
Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, мекеме қызметкерлері мен шешен этномәдени бірлестігінің өкілдері қатысты.
Қайырымдылық аясында қала тазалығымен айналысатын қызметкерлер мен қаланы көркейту және көгалдандыру жұмыстарын үйлестіретін «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 200-ге жуық қызметкеріне ыстық ас таратылды.
Шешен-ингуш этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары Лайла Пашаева депортация кезеңін бастан өткерген әр отбасында сол жылдардағы қиыншылықтар мен оны жеңудің өзіндік тарихына, жергілікті тұрғындардың көмегі мен қолдауы туралы айтып өтті. Қонақжай қазақ халқына көптеген жылы сөздерін арнады.
«1944 жылдың 23 ақпанында қыстың суық күнінде шешен этносының жер аударылуы басталды. Менің ата-анам солардың қатарында болды. 1941 жылы әкемнің әкесі әскерге алынды, онда ол хабар-ошарсыз кетті. Ал анасы сегіз баласы бар, бәрімен бірге пулемет астына, машиналарға, содан кейін мал тасымалдайтын және туған жерлерінен шалғайға айдалды.
Қазақ тілін де, орыс тілін де білмеу бізге қиын болды, шешендер баяу жергілікті халықтың өміріне еніп кетті.
Қазақ халқы бірінші кезде байланысқа шықпады, тамақты табалдырыққа қойып, бізден жасырынды – бұл менің анамның сөзінен. Себебі, өкімет оларға шешендермен сөйлесуге тыйым салды.
Бірақ мұндай тыйымға қарамастан, қонақжай қазақ халқы шешендерге көмек қолын созды. Сол үшін мен барша қазақ халқының алдында басымды иемін» – деді Лайла Пашаева.
Өз кезегінде қамқорлық көрген жандар облыстық ҚХА жанындағы «Жомарт жан» орталығы мен шешен этномәдени бірлестігінің өкілдеріне ақ тілектерін жаудырып, жылы лебіздерін білдірді.






