Алмалы тұрғындарын Ата заң жобасын қолдауға шақырды

7

0

Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Шиелі ауданында болып, Алмалы ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Руслан Рүстемов, өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов, аумақтық коалиция жетекшісі Мұрат Тұрабаев және коалиция мүшелері қатысты.

Кездесу барысында спикерлер жаңа Конституция жобасының негізгі басымдықтарын кеңінен түсіндірді. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп өз сөзінде құжаттың стратегиялық маңызына тоқталды.

«Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, Парламенттің рөлін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайту мәселелері жан-жақты қамтылған. Бұл реформалар – ел дамуы үшін аса маңызды стратегиялық қадам», – деді ол.

Сонымен қатар, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту – басты мақсаттардың бірі екені атап өтілді. Жаңа өзгерістер азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, ашық әрі жауапты басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталғаны айтылды.

Кездесу барысында Алмалы ауылының тұрғындары әлеуметтік, инфрақұрылымдық және құқықтық мәселелер бойынша өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Коалиция мүшелері әрбір сұраққа нақты жауап беріп, көтерілген мәселелердің назарға алынатынын жеткізді.

Жиын соңында коалиция өкілдері тұрғындарды ел болашағы мен тұрақты дамуына негіз болатын Ата заң жобасын қолдауға шақырды.