Алматы облысында туристер саны рекордтық көрсеткішке жетті

149

0

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Алматы облысы саяхатшылар саны бойынша биыл рекорд орнатты. Жыл басынан бері аймаққа бір жарым млн-нан турист келген. Осылайша өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 31 пайызға өскен. Сырттан келген қонақтардың көбісі Алматы шаһарына аялдаған. Бұл туралы Jibek joly телеарнасының жаңалықтарында айтылды.

Жеке инвестиция есебінен 24 туристік нысан ашылған

Үндістандық Рам Прабхудың бұл Алматыға екінші сапары. Алғаш келгенде қаланың әсем жерлерін аралаған. Ал бұл жолы арнайы жоспар құрып, қысқы Шымбұлақты тамашалауға келіпті.

— Саяхат мен үшін үлкен терапия. Бізде Үндістанда қыс мүлдем жоқ. Сондықтан Қазақстанға келіп іздегенімді тапқандаймын. Тау, таза ауа. Адамдары қандай қонақжай. Мұндай табиғат жаныма дауа болып жатыр, — дейді саяхатшы Рам Прабху. 

Өңірге саяхаттап келгендерді негізінен таулы аймақтар қызықтырады. Әсіресе Шымбұлақ тау шаңғы курорты, Көлсай, Іле-Алатау ұлттық паркі мен Шарын шатқалына баратындар көп. Бұл тиісінше инфрақұрылымды дамытуды талап етеді.

— Ең алдымен қонақ үй санын арттыру басты мақсат. 2024 жылы жеке инвестициялардың арқасында 24 туристік нысан ашылды, оның ішінде 14 қонақүй, 4 глэмпинг, 4 хостел және 2 қонақ үй бар, бұл қосымша 495 нөмірді қамтамасыз етті. Сонымен қатар, қазіргі уақытта қосымша 4 426 нөмірді қамтамасыз ететін 30 жаңа қонақүй құрылысы бойынша жобалар жүзеге асырылып отыр, — дейді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары м.у.а. Еркебұлан Абихан. 

Биыл шаhардағы туризм саласын дамытуға қала бюджетінен 4,7 миллиард теңге бөлінді. Әрі 72 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған. Нәтижесінде салық түсімдері де артып, биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 62 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39,4 пайызға артық.

—  Біз бұрын туризм саласын дамыту үшін шетелдік ірі инвесторларға сенім арттық. Қазір бұл үдеріс өзгерді. Бүгінде қазақстандық кәсіпкерлер туризмге көңіл бөліп инфрақұрылымға барынша инвестиция салуда. Бұған бірден бір себеп туристердің сыни көзқарасы мен талаптары. Бұл шынымен кәсіпкерлік нарықты ынталандырып отыр, — дейді Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова.

Қалауын тапса, туризм де ел экономикасын өрге сүйрейтін сала. Әлемдік тәжірибе туризимнің кірісі тек мұнай экспорты, мұнай мен автомобиль өндірісіне ғана жол беретінін көрсеткен. Демек, Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары. Сондықтан бұл саланы қолдау мен дамыту ел саясатының басым бағыты болып қала бермек.

Бұған дейін хабарланғандай, Шымбұлақта қысқы маусым 7 желтоқсан күні ашылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<