Алматыда «Әділ сайлау үшін» қозғалысы жұмысын бастады

715

0

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстан заңгерлер одағы» Алматы филиалының төрағасы, «Әділ сайлау үшін» қалалық штабының басшысы Бауыржан Мақұлбаев Алматыда «Әділ сайлау үшін» қозғалысы құрылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, қозғалыстың басты міндеті – сайлау науқанының барысын құқықтық мониторингілеу және дауыс беруші азаматтарға сайлау заңнамасын қолдану тәртібін түсіндіру болып табылады.

«Қозғалыстың штабында еліміз бен шетелге танымал белгілі заңгерлер бар. Жалпы, «Әділ сайлау үшін» қозғалысы сайлау науқанының барысын бақылау аясында БАҚ-пен, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған», – деді спикер.

Ол сондай-ақ сайлау науқаны 21 қазан, сағат 18:00-де басталып, 19 қараша, сағат 00:00-ге дейін 28 күнге созылатынын, 19 қараша – үнсіздік күні екенін еске салды.

«ҚР-дағы сайлау туралы» Заңға сәйкес сайлау күні және оның алдындағы күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталып, сайлау күні алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша түнгі сағат 00.00-де аяқталады. Сайлау қорытындылары сайлау өткеннен кейін жеті күн мерзімнен кешіктірілмей шығарылады» – деді Бауыржан Мақұлбаев.

Еске салайық, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<