Алматыда әскери бөлімде «жұмбақ жағдайда жарақаттанып» төрт ай комада жатқан сарбаз оянды

767

0

Сурет жеке архивтен алынған

Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде құлап, комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтар оянды. Ол төрт айға жуық уақыт жан сақтау бөлімінде ес-түссіз жатты. Бұл туралы Азаттыққа оның ата-анасы хабарлады.

Олардың сөзінше, Ербаян Мұхтар 20 күн бұрын, сәуірдің ортасында көзін ашқан. Ол былтыр желтоқсанның басынан бері Алматы қаласындағы орталық клиникалық ауруханада жатыр.

– Көзін ашқаны болмаса, жағдайы әлі де бірқалыпты, өзгеріссіз. Тамағында түтік тұрғасын шығар, сөйлемейді. Тыңдайды, жан-жағына қарайды. Мені таныды ма, танымай ма, түсіне алмадым. Дәрігерлердің айтуынша, комадан жақында ғана шықты, әлі уақыт керек, – деді Азаттыққа сарбаздың әкесі Хамит Айтмағамбетов.

Ербаян Мұхтардың ата-анасы ұлын Астанадағы ауруханаға ауыстырғысы келеді. Сол үшін бүгін денсаулық сақтау министрлігіне арыз түсірген.

– Алматыдағы ауруханаға сеніміміз қалмады. Ұлымыздың сол ауруханада жатқанына бес айға жуық уақыт өтті. Дұрыс ем жасаса, аяққа тұрып кететіндей уақыт өтті. Менің ұлымнан да жағдайы ауыр адамдардың жақсарып кеткенін көрдік. Оның үстіне өзіміз Астанада тұрамыз, баланы оңай көріп тұрғымыз келеді. Ал қазіргі ауруханаға кіру қиын, – деді анасы Гүлсім Камиева.

Қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар былтыр мамырда мерзімді әскери қызметке алынған. 2023 жылы 4 желтоқсан күні түнде Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 бөліміндегі дәретханада құлап, бас-миының ашық жарақатын алған.

Орталық клиникалық ауруханасының анықтамасы бойынша, сарбаздың бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынған, ауыр ми жарақатын алған.

Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың ата-анасы әскери бөлімге сенбейтінін айтқан.

Әскери полиция сарбаздың жарақатына байланысты Қылмыстық кодекстің 440-бабы 3-бөлігі (бір-біріне бағынышты емес әскери қызметшілердің өзара қарым-қатынасы туралы қағиданы бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. 2 сәуірде Алматы гарнизонының әскери прокуратурасы қылмыстық іс уақытша тоқтағанын хабарлады.

Бас прокуратураның дерегі бойынша, 2023 жылы Қылмыстық кодекстің 440-бабы бойынша 48 іс тіркелген. Оның көбі сотқа жетпей, жабылып қалған, тек 12-сі сотқа жеткен. Биыл үш айда 13 іс тіркелген. Қазірге дейін оның тек үшеуі сотқа жеткен.

Ербаян Мұхтардың ата-анасының айтуынша, істің тоқтауы сарбаздың комада жатып, түсініктеме бере алмайтынына байланысты. Олар істе күдікті анықталмағанын айтты. Сарбаз құлаған күні жанында болған екі әскери куәгер ретінде жауап берген.

Әскери прокуратура «істе күдікті бар ма?» деген Азаттық сұрағын жауапсыз қалдырды.

Бір жарым жыл бұрын дәл осы – 5571 әскери бөлімінде 19 жастағы сарбаз Алмас Шахимов көз жұмған. Сонда бөлім басшылығы «полигонда құмды дауыл болып, палатка ұшып, сарбаздың үстіне құлады» деп түсіндірген. Алайда Алмас Шахимовтың туыстары оған сенбеген. Себебі сараптамада марқұмның денесіне үш жерден пышақ тигені, 23 дене жарақатын алғаны анықталған. Кейіннен бөлімшедегі офицерлер Шахимовтің атынан банктерден несие алғаны белгілі болды. Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалған, бірақ қазір қай сатыда екені белгісіз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<