Алматыда былтыр 14 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулездің 23 жағдайы анықталды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 36,7%-ға көп. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы мәлім етті.
«2023 жылы 14 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулезбен сырқаттану 36,7%-ға өсуі байқалады. 100 мың бала санына шаққанда көрсеткіш 4,1-ді құрады. 2022 жылығы сырқаттану көрсеткіші – 3,0», – дейді департамент басшысы.
Айтуынша, жалпы туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туберкулезбен сырқаттану 3,6%-ға төмендеген.
«Туберкулез инфекциясының негізгі жұғу жолы – ауа арқылы. Науқас адамның жөтелу кезінде қақырықтың (сілекей) аса кішкентай, көзге көрінбейтін, 2 метрге дейінгі қашықтыққа таралатын ерекше «аэрозольдер» пайда болады. Науқас күніне 7 миллиардқа дейін туберкулез таяқшаларын аэрозоль түрінде қоршаған ортаға шығарады, олардың кейбіреулері еденге немесе жерге түсіп, ұзақ уақыт сақталады», – деп атап өтті Қасымхан Алпысбайұлы.
Туберкулез ауруының негізгі клиникалық белгілері: дене қызуының 37,5 С көтерілуі, әлсіздік, тершендік (әсіресе түнде), тәбеттің болмауы; салмақ тастау, кеуде қуысының ауруы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<