Алматыда қызылша жұқтырғандардың саны 3 200-ден асты

460

0

Фото: Kazinform

Алматыда жыл басынан бері 3 289 адам қызылшамен ауырған. Дегенмен, Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қалада қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақталып келе жатқанын айтады.

– Биыл наурыз айынан бастап сырқат жұғуының төмендеу үрдісі байқалады. 24 шілдені қоса алғанда биыл қызылшаның 3 289 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 2 034 жағдай (61,8%), 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында – 168 жағдай (5,1%) және ересектер арасында – 1 087 жағдай (33%). Балалар арасындағы аурушаңдықтың себебі – негізінен вакцинациядан бас тарту, – деді Әсел Қалықова. 

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы 10 қараша мен 2024 жылғы 24 шілденің аралығында қалада қызылша, қызамық, паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау шеңберінде барлығы 162 986 адам қамтылған. Оның ішінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі 13 214 бала, 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар – 80 042, медицина қызметкерлері – 8676 және басқа жастағы бұрын қызылшаға қарсы жоспарлы екпе алмаған (вакцинация курсы толық емес) толықтыра иммундау бойынша 61 054 бала.

Айта кеткен жөн, вакцинация тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<