Жаңажылдық мереке күндері Алматының жедел медициналық жәрдем қызметі штаттық режимде жұмыс істеді.
2025 жылғы 31 желтоқсан мен 2026 жылғы 4 қаңтар аралығында жедел жәрдем қызметіне 11 158 өтініш түсіп, оның 10 059-ына барып қайтты. Жедел жәрдемге ең көп қоңырау әдеттегідей жаңа жыл түні түскен. 1 900 шақырту тіркелген, бұл орташа тәуліктік көрсеткіштен шамамен 600-ге аз. Бұл туралы Алматы жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин айтты.
Мереке күндері шақырту құрылымы қалыпты деңгейде қалып, демалыс немесе салтанатты күндерге тәуелді болған жоқ. Көбінесе тұрғындар тыныс алу жүйесі ауруларына байланысты – 22,53%, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бойынша – 17,28%, сондай-ақ жарақаттар мен улануларға байланысты – 14,5% жедел жәрдемге жүгінген.
– Пиротехникадан жарақаттанып қалатындарға медицина қызметкерлері ерекше назар аударды. Биыл мұндай 20 оқиға тіркелді, оның 11-і – бала. Зардап шеккендердің ең кішісі 4 жастағы бала болды. 10 адам жедел жәрдеммен стационарға жеткізілді, жетеуі дәрігерге өз бетінше жүгініп, үшеуі жарақаты жеңіл болғандықтан ауруханаға жатудан бас тартты, – деді Андрей Ложкин.
Оның сөзінше, мереке күндері күн сайын 24/7 режимінде 189 бригада желіде жұмыс істеген. 500-ден астам қызметкер – дәрігер, фельдшер, жүргізуші, кіші медициналық және техникалық персонал еңбек етті.
Сонымен қатар осы күндері жедел жәрдем қызметкерлері бес сәтті реанимация жасаған. Үш адамды үйде босандырып, бір ұл мен екі қыздың дүниеге келуіне көмектесті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда заңсыз айналымнан жарты тоннадан астам пиротехника тәркіленгенін хабарлағанбыз.






