Алматыда қайғылы жағдай болды. Аяқ киімі мен телефонын қалдырып, 19-қабаттан секірген бойжеткеннің өлімін қазір полиция тергеп жатыр. Көп қабатты тұрғын үй кешеніне қыздың қалай келгені, балконға қалай көтерілгені бақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап.
Куәгерлер не дейді? Марқұм сол жердің тұрғыны ма?
Төменге құлаған арудың ажалынан соң оның түсірген видеосы. Қара аяқ киімі, көк оттығы мен телефонын қалдырған. Дүрс еткен дауысты естіген тұрғындар өре түрегеле далаға атып шығады. Бойжеткен сағат 13:50 шамасында тұрғын үй кешенінің 19-қабатынан секірген. Оқиға орнына полиция он минутта жеткен.
Мәйіт жатқан жерге құм сеуіп тастаған. Ал бақылау камерасына жауапты мамандардың айтуынша, марқұм Брусловский көшесі жағынан келіп, есіктегі құпия сөзді жазып, ары қарай жеделсатымен жоғары көтерілген.
«Жеделсатыдағы камераны да қарап шықтық. Жалғыз өзі көтерілген. Дәлізге қалай кіргенінен бастап бәрі анық көрінеді. Бұл үйдің тұрғыны ма, әлде сырттан келген бе, ол жағын білмедік», -дейді бақылау камерасына жауапты маман Тахир Шынболатов.
Тергеуге байланысты бақылау камерасының видеосын көрсетпеді. Дегенмен осы кешеннің тұрғындары ол әңгімені айна-қатесіз қайталап тұр. Жаға ұстататын жағдайдан соң көбі балаларын сыртқа шығармаған.
«Чаттан біреу секіріп кеткенін естідім. Баламмен далаға шығайын деп жатқанмын. Терезеден қарасам, мына жерде жатыр екен. Сырт жағын бәрін қоршап қойған. Баламен далаға шығуға қорықтым. Содан кейін бәрін алып кеткенін күттім», -дейді Қали Одақбай есімді тұрғын.
Полицияның мәліметінше, суицидке барған В.есімді арудың жасы 23 те болған. Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабымен іс қозғалды.
«Алматы полиция департаменті аталған деректі Бостандық аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркеді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайы анықталып жатыр», – дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Тапа-тал түсте 19-қабаттан секіруіне не түрткі болғаны марқұмның өзіне ғана аян. Бәлкім тергеуде телефонынан тың дерек табылып қалар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<