13 қаңтарда Алматы – Қызылорда бағытында ұшып шыққан КС985 рейсін орындаған Airbus A320 әуе кемесі әуеге көтерілгеннен кейін кері қайтуға мәжбүр болды. Бұл туралы Air Astana баспасөз қызметі хабарлады.
Компанияның мәліметінше, ұшу барысында әуе кемесінде ықтимал техникалық ақау барын білдіретін индикатор іске қосылған. Қызылорда әуежайында қажетті техникалық мамандар болмағандықтан, экипаж қауіпсіздік талаптарына сәйкес ұшып шыққан әуежайға – Алматыға оралу туралы шешім қабылдаған.
– Авиатасымалдаушының инженерлік-техникалық қызметі өндірушінің нұсқаулығына сәйкес қажетті тексерулерді орындады. Ақаулар анықталмағандықтан әуе кемесі қайта пайдалануға берілді, – делінген хабарламада.
Алайда Алматыдағы ауа райының қолайсыздығына және Airbus NEO ұшақтарына қатысты пайдалану шектеулеріне байланысты рейсті FlyArystan әуе кемесімен орындаған. Осыған байланысты рейс тағы да кідірді.
Ұшақ Алматыдан 02:34-те қайта ұшып шықты. Жалпы кешігу уақыты – 12 сағат 24 минут.
– Тасымалдаушы рейстің кешігуі кезінде жолаушыларға ыстық тамақ пен сусындар ұсынды. Сұраныс бойынша 36 жолаушы қонақ үйге орналастырылды, – деп хабарлады компания.
Еске салайық, бұған дейін Air Astana Алматыдан ұшып шығатын кешкі рейстерін тұман мен көріну қашықтығы 150 метрден кем болуына байланысты кешіктіріп жатқанын хабарлағанбыз.






