Алматының айналасы алқызыл гүлге малынып тұр

259

0

Фото: Kazinform/Александр Павский

Әдетте, мамырдың бірінші аптасында сан түрлі қызғалдақтар гүлдей бастайды. Бұл жылы да Алматы маңындағы дала алқызыл түске боялды.

Алматының биылғы көктемі жаңбырлы болып тұрғандықтан, қаланың айналасы алқызыл гүлге малынып тұр. Өзінің әдемілігімен көрген жанды баурап алатын гүлдер дәл қазіргі сәтте алыстан менмұндалап тұр.

Табиғаттың тамашасын көріп, оны суретке түсірмеу мүмкін емес. Әсіресе, фотографтар мен видеографтар бұл көріністі қалт жібермейді.

Алматының айналасы алқызыл гүлге малынып тұр

Қызғалдақ алқабына Кazinform фототілшісіде барып қайтты.

Ал, танымал видеограф Дастан Мұхамедрахым өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына қызғалдақтардың видеосын жариялады.

Айтуынша, ол қызғалдақтарды таңғы сағат төртте түсірген.

«Бұл видеоны таңғы сағат 4 пен 5 арасында түсірдім. Қызарып енді атып келе жатқан таң шапағымен түсіру үшін ерте бардым. Бұл Алматы мен Ұзынағаш тас жолының бойы. Видеоға қарасаңыздар шөп менің белімнен асып тұр. Өте қалың. Маған жүгіру де оңай болған жоқ. Негізі Алматының маңайында қызғалдақ өте көп. Әдемі», – деді ол.

Өкінішке қарай, гүлдердің құлпырып тұратын шағы ұзаққа созылмайды. Бәрі де ауа райына байланысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<