Кеше С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қолөнер Urshik республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алтын алаша – күміс кілем» атты қолөнершілер фестивалі өтті. Фестивальға еліміздің өзге өңірлерінен және облыстың белгілі қолөнершілері, ұлттық өнер шеберлері, сала мамандары, еңбек және технология пәнінің мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Алдымен көрме-жәрмеңкеге шеберлердің ұлттық нақыштағы бұйымдары, кілем, сырмақ, текемет, тұскиіз, тоқыма және сәндік туындылар қойылып, жиналғандар тамашалады.
Шараның басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дәріптеу, алаша, кілем тоқу өнерінің тарихи маңызын насихаттау және ұлттық өнерді сақтай отырып, жас ұрпақ бойына сіңіру.

Фестивальдің ашылуында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, ҚР Қолөнершілер одағы облыстық филиалының өкілі Бекзат Жақыпов шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды. Бірлестіктің төрайымы Бибігүл Карденоваға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының Алғыс хатын табыстап, үш күндік шараға сәттілік тіледі.
Одан әрі қоғамдық бірлестік төрайымы Бибігүл Карденова негізгі бағыт жайында айтып, филиалды салтанатты түрде Қызылорда қаласынан ашты.
– Бірлестік 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Urshik деген атаудың астарында үлкен мән жатыр. Бұл – біздің әжелерімізден қалған көне мұра. Бүгінде сол ұршықты қайта жаңғыртып, кәсіптік құралға айналдырдық. Ұршық иіру адамның жан дүниесіне де өте пайдалы. Сол себепті жас аналарға, кейінгі буынға маңызы жайында түсіндіріп, жаңғыртудамыз.
Мен ұршық жайлы көп іздендім, зерттедім. Сандықта бір, екі ғасырға жуық жатқан ұршықты қайта жарыққа шығардым десем де болады. Биыл Сыр өңіріне келуіміздің өзіндік себебі бар. Мұндағы тақырып – «Алтын алаша – күміс кілем». Себебі кілем және алаша тоқудың тамыры жойылып барады. Ал Қызылордада жақсы сақталған екен.
Фестивальға 8 облыстан 75-ке жуық шебер қатысуда. Мұндай шара жыл сайын әр өңірде өтеді, бұл – жетінші шара. Түрлі тақырыптарды қамтиды. Жалпы, біз атқарып жатқан жұмыс өте ауқымды. Бірқатар шет мемлекетте болдық. Онда түрлі көрмелерге қатысып, төл қолөнерді дәріптеп, жоғары баға алып келеміз. Жастарға, үйренемін деушілерге шеберлік сағаттары да ұйымдастырылады. Бұл фестиваль алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді бірлестік төрайымы.

Қатысушылар қолынан шыққан бұйымдар өте көп әрі көздің жауын алады. Әрқайсысының өзіндік мәні, мағынасы бар. Байқағанымыз, ұлттық қолөнер бұйымдарын шеберлер бүгінгі күннің талабына сай етіп, заманауи үлгіде жасаған. Сондықтан болар, сұраныс жоғары. Фестивальға қатысушылардың бірі Асыл Бисенбаева Ақтау қаласынан келген. Ол жастайынан қолөнерге жақын болыпты. Қазір өзі секілді шеберлер тоғысқан ұйымда белсенді еңбек етуде.
– Бала күннен үлкендерге қарап алаша тоқыдық. Әже, аналарымыз ісмер, шебер еді ғой. Ол кезде бәрін қолдан тоқитын. Уақыт өте келе бізді де баулыды. Киіз үйдің жабдықтарын, жіппен тоқылатын бұйымның бәрін де жасай беремін. Түрлі баулар, жас қыздарға арналған белдікті заманауи етіп тоқимын. Бала күнімізден үйренген өнер бір кездері тоқтап қалды. Кейін ұршық пен жіпті қайта қолға алдық. Бізді қолдауға бағытталған бірлестік құрылды. Соның арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қолөнер шеберлерімен таныстық. Тәжірибе алмасып, үлкен ортаға айналдық, – дейді шебер.
Шара барысында Көркемсурет галереясының меңгерушісі Кенже Ахметова фестиваль аясында шеберлік сағаттары, кілем, алаша тоқу әдістері, күміс әшекей жасау, жастарға арналған практикалық сабақтар, ұлттық оюдың мәні, қолөнердің заманауи бағыттары кеңінен талқыланатынын жеткізді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ





