«Алтын қоңыз» шынымен бедеуліктен емдеп жаза ма

1357

0

Фото: Алтын қоңыз/Instagram

Әлеуметтік желіде алтын қоңыз жайлы жарнама жалаулап тұр. «Түрлі дертке дауа» деп жарияланады. Агенттік тілшісі жәндікпен емдеу тәсіліне тереңірек үңіліп көрді.

Жарнама жасаушылар бедеулікті де, белсіздікті де емдеуге кепілдік беріпті. Бүйректегі құм-тасты шайып шығатынын және зәр шығару жолдарын тазалайтын қасиетін де жазған.

Тізе берсе тізім бітпейді. Ал, «Алтын қоңызды» алып, ауруынан айыққандар алғысын айтып, видео қалдырған.

Instagram-дағы «Алтын қоңыз» атты парақшада әлгі жәндіктің таудан терілетіні жазылған. «Ал, қолда өсірілгендерінің сапасы нашар болады» деп «сақтандырған».

«Алтын қоңыз» шынымен бедеуліктен емдеп жаза ма

Ем жүргізу мерзімі екіге бөлінеді.

Қысқасы – 1 ай. Күніне бір қоңыздан қабылдайды. Ақысы – 15 мың теңге.

Ұзағы – 2 ай. Тиісінше дозасы мен бағасы екі еселенеді.

Айтпақшы, емделушілермен үздіксіз байланыс орнатып, тегін кеңес беру қызметін де ұмыт қалдырмаған.

«Алтын қоңыз» шынымен бедеуліктен емдеп жаза ма

Біз байланысып, аталған алтын қоңызды елдің қай бөлігінен жинайтынын сұрағанбыз. Сондай-ақ көп ауруға ем болатынын қайдан білдіңіз деп сауал жолдадық. Жауап жоқ.

«Алтын қоңызбен» емдеу – халық емі деген соң Қазақстанның халық емшілері қауымдастығына хабарластық.

«Алтын қоңыз» шынымен бедеуліктен емдеп жаза ма

Қауымдастықтың өңірлік басшысы Жанболат Сәрсенбай жәндіктің жарнамасын жуырда естігенін, бірақ жарытып ештеңе білмейтінін айтты.

«Қытайға қатысы бар-ау шамасы. Әйтсе де нақты пайдасы бар ма, жоқ па, кесіп айта алмаймын. Иә, ата-баба дәстүрінде сүлік салып, жан-жануардың майын жағып емдейтін жағдайлар бар. Бұлар – әбден сүзгіден өтіп, зерттелген әдістер. Ал, «Алтын қоңыз» мүмкін бірді-екілі кісінің атасынан баласына жалғасқан жолы шығар. Алайда, зертханадан өткен, патенті немесе сертификаты бар дегенді көрген де, естіген де емеспін. Мамандар зерттеуі тиіс қой», – дейді ол.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де осы пікірді қуаттап отыр.

Аталған органның баспасөз хатшысы Гүлдана Сауқанова «Алтын қоңыздың» дәрілік зат емес екенін жеткізді.

«Егер, тіпті дәрумен ретінде сатылғанның өзінде алдымен сараптамадан өтуі тиіс. Дәрумен ретінде тіркелу керек. Жалпы, қоңыздарды ем ретінде қолдану қауіпті. Вирустық аурулар тудыруы мүмкін», – деді баспасөз хатшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<