Алыптардың соңғы тұяғы

4

0

Институтты бітіргесін бір жарым жылдан соң, жетпісінші жылдың қаңтарында облыстық күріш тәжірибе стансасына ғылыми қызметкерлік жұмысқа тұрдым. Көктем шығысымен егіс басында, күннің астында, желдің өтінде жүріп, топырақ қайрап шаң жұтып, батпақ кешіп ғылым қуамыз, білім іздейміз. Міне, сол заманда Қарауылтөбе қыстағында Алтынбек Ерназарұлымен таныстым. Сол жылы еліміздің бас оқу орны Қазақ мемлекеттік университеті аспирантурасына түсіп, осы жерде далалық тәжірибе жасап жүр екен. Ғылыми тақырыбы – «Күріш дақылының пісіп-жетілу кезіндегі белок пен көмірсутектерінің түзілуі». Мақсаты – күріш дақылының биологиялық ерекшеліктерін пайдалана отырып оның өнімділігін арттыру.

«Жолдасыңды айт, кім екеніңді бі­лейін» деген аталы сөз бар. Осыны «Ұстазыңды айт, кім екеніңді бай­қа­йын» деп өзгертсе, шындықтан онша қашық кете қоймайтын сияқтымыз. Ғылымды енді бастаған жастық ша­­­ғымызда Қызылордада жалғыз ға­на жоғары оқу орны болатын. Ол – педа­гогикалық институт. Мұ­ға­лім­дері жұрттың аузында. Ай­ту­лы топ басында Әуелбек Қоңы­рат­баев, Қабдуали Ахметов, Мәди Ке­реев, Әбшайіт Оразалиев, Слам­хан Бекбаев, Нұрадин Дарқұлов, Нұрлыбек Жү­нісов, Мұстафа Мата­ев, Құдай­бер­ген Жаңабергенов, Са­ха­бадин Елу­баев, Әли Байжолов, Бай­ғара Тай­лақбаев, Айжігіт Нұр­ға­зарынов, Қа­реке Ділімбетов, Құ­дайберген Бал­таев, Әди Ибрагимов, Сейдуәли Тай­беков, Бимағамбет Діл­манов, Есқазы Исабеков. Олардың айтқан сөздері ел арасында аңызға айналған уақыт еді-ау, сол кезең. Кейін сол алқалы, абыройлы, алып азаматтар Алтынбек Ерназарұлына да, маған да, Сыр өңі­рінің білім мен ғылымына ден қойып ұмтылған барша жастарына да үлгі-өнеге бол­ғаны анық. Сол кездегі жас­тардың барлығы осы тұлғалы азаматтарға қарап, бой түзейтін.

Алтынбек Ерназарұлы 1942 жыл­­дың мамыр айында Сырдария ау­даны Комсомол ұжымшарына қа­расты Колос бөлімшесінде мұғалім отбасында дүниеге келген. Әкесі Ерназар Жүнісов 1917-1948 жыл­дар арасында «Қызыл мұғалім» ата­ныпты. Осы жай айтылған бір сөй­лемде көп мән жатқандай. Сол күрделі де қиын-қыстау заманда қа­рапайым ұстаздың жоғары атаққа ие болуында қыруар еңбек, жаңа орнаған заманға деген зор сенім, терең білім, қасиетті ата-баба тектілігі көрінген болар. Сөз жоқ, осындай абыройлы отбасында өсіп тәрбие алуы Алтекең замандасымыздың өмір­лік ұстанымының игілігі мол өне­гемен қабаттасуына кезіктіріп ны­ғай­та түскенінде күмән болмаса керек.

Ол 1959 жылы Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы қазақ ор­та мектебін бітірді. Сол жылы Қы­зылорда педагогикалық институтына түсіп, 1964 жылы оны «Орта мектеп­тің биология және ауылшаруашылық негіздерінің мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтап шықты. 1973 жы­лы кандидаттық диссертациясын сәт­ті қорғады. 1979 жылы «Зоология» ка­фед­расына аға оқытушылық қызметке тұрды. Тынымсыз шығармашылық ұмтылыс арқасында оқу-тәрбие ісі­нің сапасын жақсарту мақсатында ғылыми, оқу-әдістемелік мақалалар мен ұсынымдар жазып, оларды оқу үдерісіне енгізу негізінде кәсі­би білігін айтарлықтай көтеріп, до­­­цент атағын иеленеді. Бұл жас оқы­­­ту­шының бедел-абыройын айтар­лықтай өсіріп, ұжым алдындағы ор­нын биіктетті. Көп ұзамай факультет деканының орынбасары болып бе­кіді.

Биік ілтипатпен айтар сөзіміз бар Нұрлыбек Жүнісов ағайымыз жөнінде. Ұзақ уақыт филология фа­культетінің деканы болған кезеңде оқу орнының тірегіне айналып, со­ңы­нан ерген жас оқытушыларға қалт­қысыз ұстаздық жол көрсетумен қо­са, олардың айнымас қамқоршысы ре­тінде мол абырой-атаққа иеленіп, өңір жұртшылығының құрметіне бөленіп еді. Қазір ойлап отырсақ, осы азаматтың бойы мен көркі, сән-салтанатты, жүріс-тұрысы, ішкі рухани мол байлығы мен биік бол­мысы, көпке бұйыра бермейтін ер­кіндігі мен қарапайымдылығы, ірілігі мен биік адам­гершілігін бірден мо­йын­­дамайтын жан болмаған да шы­ғар сол заманда. Сол ағамыздың қам­қорлығын өз ба­сым да молынан көріп, сезінгенім бар. Ендеше, осы алып тұлғаның бауыры Алтекеңнің өмірлік ұстанымына да оң әсері болғанына ешкім дау ай­та алмасы анық.

1984 жылдың маусым айында Алтынбек Ерназарұлы филология-педагогика факультеті деканы болып сайланды. Бұл шешімді, әрине, ұжым қуана қарсы алды. Бір жағы бұл кеше ғана алдында жұлдыздай жар­қырап жүрген ардақты аға жолын жалғастыру болатын. Осы жол Ал­текеңе аса зор жауапкершілік жүк­теп еді. Уақыт өте жауапты да сал­мақ­ты міндетті солайымен ақтап орын­дады. Ғылымға еселі еңбек сі­­ңірген, ұстаздық тәжірибесі мол аза­­мат оқы­ғаны мен түйгенін, ата-ана мен аға­дан көрген тәрбие мен өнегені аса са­уапты іске – факультет ұжымының уақыт талабына сай да­мып, өркен­де­уіне салды. Тарихы мол, ескі, алдындағы көшеден ауыр ав­тобус өткенде дірілдеп тұ­ратын, қа­ла­ның қақ ортасында ор­наласқан ғи­маратта, Алтекең ка­бинетінде талай болғанмын. Мақ­са­тымыз – сол кездегі екеумізге де ортақ мәселелерді ойласу мен пікір­лесу.

Алтынбек Ерназарұлы ерекше ашық мінезді азамат еді. Жақынына, әріптесіне, танысына «Айналайын!» деген сөзді айтудан шаршамаған, айнымаған. Осы сөз ненің белгісі? Бұл сөз азаматтық іріліктің, ақылдың, жан жылытар жүрек жылуының, өзге үшін ашылған дарқан пейілдің, аппақ ашық көңілдің, нағыз қарапайым жақ­сы адамның белгісі болар.

«Оқу инемен құдық қазғандай» деген сөз бар. Онда ғалымның ине­мен қазған құдығы суы күрекпен ашылған құдыққа қарағанда сапасы, берекесі мен құнары мың сан жо­ғары болатын шығар. Алтынбек Ер­на­зар­ұлы ғылымға жастайынан ден қо­йыпты, соны өмірлік тірлігі мен мақ­сатына айналдырыпты. Сол ке­зеңде табанды зерттеулерінің ар­қа­­­сында ерекше маңызды ғылыми ұсы­ныстар дайындады. Ол алдымен Қарауылтөбе шаруашылығы егіс да­ласында оңтайлы сынақтан өтіп, бүкіл Сыр өңірі күріш алқаптарында өндіріске енгізілді. Күріш өнімділігі гектарына шамамен екі-екі жарым центнерге жоғарылады. Бұл болымды ғалымның туған жердің өркендеуіне қосқан айтулы үлесі болатын.

Ұлы Абай «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой де­мек­тің бәрі де – ақымақтық» деп­ті. Ал­тын­бек Ерназарұлы бай мі­нез­ді еді. Жа­қынына, әріптесіне, айналасына жа­рық шуақ, ыстық сәуле шашып тұ­ратын ылғи. Шамасы, тұлғалы аза­маттың бұл басты тәрбие құралы да болған-ау! Байқауымызша, бұл адам­сүйгіштіктен бастау алатын игілігі мол мінез.

Алтекеңмен алғашқы танысқан сәт есімде. Азанда жұмысқа енді кірісе бастаған кезіміз. Күріш тә­жі­рибе стансасы кеңсесі алдында тұр­мыз. Жанымызға бес орындық, брезентті жеңіл автокөлік тоқтай қалды. Ішінен ірі, ұзын бойлы аза­мат еңкейіп шығып қасымызға жа­қындады. Амандастық. Станса бас есепшісі Сыдықов Кешабадин аға­мыз бірге тұрған. Екеуі таныс екен. Сол кісі таныстырды баршамызды. Пединститут оқытушысы, аспи­ран­ты Ерназаров Алтынбек деп. Со­ны­мен біздің жадымызда Алте­кең әр­кез абырой биігінде, көлік үс­тін­де жайғасқан күйінде қалыпты. Өмі­рінің соңғы уақытына дейін шет­ел­дің айтулы көлігі рулін қолынан шы­ғарған емес. Мүмкін, бұл ұлы Құ­діреттің сүйген құлына берген ерекше сыйы шығар.

Алтекең өз жұмысына солайым берілген азамат еді. Қашан барсаң да орнынан табылатын. Күндіз-тү­ні кабинетінде, әріптестер мен жас оқытушылар, студент жастар алды­нан арылмайды. Жай отырмай, ел бо­­лашаған күйттеп, жоспарлап, ар­мандап отыратын. Олай дейтінім, қа­рауындағы жастардан еш нәрсесін аямайтын, солардың өнегелі, тәр­бие­лі маман болып шығуына бар күш-жігерін салатын. Соңына ерген бі­лікті де білімді әріптестері мен жас ұстаздарға шаршамай-шалдықпай үй­ретуден, оларға жоғары талап қою­­дан жалықпайтын. Ірі, бой­лы, ойлы адам еді, содан болар жү­ре­гі де үлкен еді! Үлкен жүрекке қа­­сын­дағы азаматтар сыйып кетіп жүрді-ау сол заманда. Осындай дар­­қан мінезді жандар көп болса, кәне! Өмір жеңілдей түсер ме еді?! Студент жастарға қамқор болумен бірге жас, ізденімпаз оқытушылардан бар біл­генін, ағалық ақылын, жанашыр­лы­ғын іркіп қалған емес. Сол жылдары факультетте жиырмаға жуық азамат аспирантураға түсіп, күрделі ғылыми ізденістер жасап, диссертацияларын сәтті қорғап, білікті ұстаздар құра­мын көркейтті. Ендеше осы­ның бар­лығында Алтынбек Ерназар­ұлының ақыл-кеңесі, қойған орынды талабы, көрсеткен нақты көмегі жатқанында күмән жоқ.

Ол он төрт жыл үзіліссіз факуль­тет деканы қызметін абыроймен өт­керіпті. Осынысымен тәрбиесін мо­лынан көрген айтулы ағалары жо­лымен айна-қатесіз келе жатқанын, олардың өнегесін жас ұрпаққа сола­йымен жеткізіп, шәкірт санасына құ­йып, өнеге қорын толықтырғанын дәлелдеді. Өз ісіне барынша, қалт­қысыз берілгенін ескеретін бол­сақ, ел мен Сыр өңірі білім-ғы­лы­мын өркендету жолында Алте­кең ұшан-теңіз еңбегін аямады. Қа­білет пен өнегені, терең білік пен зер­делі ұстаздықты, жастар мен әріп­тес­те­ріне жанашырлығын ортаға са­лып, ұжым абыройы мен беделін одан са­йын биіктете түсті. Жоғарыда аты аталған, аңызға айналған ұс­таздар ісін жаңғыртты, жалғады, қа­тарына барып қосылды. Біздің ойы­мызша, Алтекең – о баста ғылым мен білімге қызмет етудегі қа­рызы мен парызын молынан ат­қарған азамат, Сыр бойы білімі мен ғылымына қыруар еңбек сіңіріп, мәң­гілікке аттанған ғалым-ұс­таз­дардың соңғы тұяғы.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профес­соры ғылыми ізденістеріне, атқарған қызметіне сай қоғамның айтарлықтай марапатына ие болған. «Қазақ ССР-нің халыққа білім беру ісінің үздігі» (1991), Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызмет­кері» (2003), Президенттің Алғыс хат­тарымен (2001, 2005), Қорқыт ата атындағы универси­теттің 80 жыл­­дығына арналған ме­далімен (2017), Қорқыт ата атын­дағы алтын медаль­мен (2018), «Сыр­­да­рия ауда­нының құрметті аза­ма­ты» ата­ғымен (2019), облыс және уни­­верситет деңгейінде бірнеше Құр­мет грамо­таларымен ма­рапат­талған. Бұл – айтулы азаматқа барынша ла­йық жетістіктер.

Адамның мықтылығын, ерекше­лігін оның ортақ қоғамдық істері мен жеке басы қамы ара-қатынасын қалай ұстайды, сонымен бағамдауға болатыны белгілі. Біреу бар, өзінің басыбайлы тірлігін ғана ойлайды, сонымен ғана өмір сүреді. Екіншісі, шамасы келгенше екі қайықтың ба­сын бірдей ұстауға ұмтылады, ты­рысады. Сондықтан оның іс-әре­кет­тері бірде олай, бірде бұлай бо­лып жатады. Үшіншісі, қоғамның жұ­мы­сына түгелдей басын бұрады. Ал­дымен ұжымның мұқтажын күйт­тейді, бар күш-жігерін ел алдындағы борышын орындауға жұмсайды, жұрт­тың ықылас-батасын алады, со­дан ләззат табады. Өзінің жеке қамын мүлдем ойламайды, ол атқарып жатқан игі істерінің арасында жүр деп санайды. Алтынбек Ерназарұлы дәл осындай азамат еді. Ол өмір бойы ел мен жұрттың қарекеті үшін ерен еңбегін көрсетті, содан рахат тапты, мақсаты осы болды. Осы азамат сөй­тіпті, есік жағалап бірнәрсе сұрап жүр екен, өзінің қарақан басы мүд­десін қорғап, пендешілік жолға тү­сіп­ті дегенді көрген де, естіген де емеспіз.

Ол өзінен бір жыл кейін пед­инс­титуттың «Қазақ тілі және әде­биеті» мамандығын бітірген Тәжі­гүл Дәрібайқызымен бас қосты. Тә­­жігүл Дәрібайқызы қарапа­йым кең­­пе­­йілділігімен, жоғары адамгер­шілі­гімен, бауырмалдығымен өмір­лік жарының туыстары мен бауыр­ларының зор ықыласына ие болыпты. Бүгінгі күні оны зор ризашылықпен, құрметпен еске алады.

Дүниеге тұңғыштары келгенде ұлым отбасының ырыс алды бол­сын деп ырымдап Ерназар атасы не­мересі атын Зайфун қойыпты. Одан соң жарық дүниеге Заида, Ба­уыр­жан, Асқар келіпті. Тағдырға кім ара тұрған, Тәжігүл жеңгеміз бала­ла­ры­ның қызығын молынан көре алмай ертелеу дүние салды. Қазір балалары білім алып, өсіп-өркендеп, айтулы қызметтерді атқарып келеді.

Былтыр Алтекеңмен оңаша кезігіп қалғанымда Зайфун баламыздың Мәс­кеуде Еуразиялық экономикалық кеңестің департамент басшысы қыз­метіне ауысқанын айтты. Байқаймын, бұрын мұндай мінезін сездірмеген Алтекеңнің жанарынан сәл-пәл мақ­тан ұшқыны жарқ етті. Жалпы мақ­та­нуды құшақ жайып қарсы алып жа­та­тынымыз шамалы. Дегенмен азамат ұрпағының жетістігімен мақ­танып жатса, ол бөлек дүние ғой. Ата­ның баласы емес, елдің баласы бол­ғанына неге мақтанбасқа? Ата-ана­ның түпкі арманы мен бақыты осы шығар!

Тәжігүл жеңгеміз дүние салға­сын Алтекең отбасының шырағын бәсеңдетпеу мақсатында тағдыр бұй­рығымен Мирамен бас қосты. Мира қарындасымыз сол шаңырақтың бе­рекесін кіргізген аяулы жан болды. Медицина саласының маманы ре­тінде Алтекеңнің денсаулығын да әр­дайым жіті назарында ұстады.

Қазақылықтың қасиетті бас қағи­даларын өзіне өмірлік бағыт етіп, бол­мысында толығымен іске асырды Алтынбек Ерназарұлы. Маңайына жақсылық пен мейірім сәулесін төк­кен азаматтардан кейін соңында қал­ған елі болымды өмір сүруі тиіс болар. Ылайым солай болсын! Ал­тынбек Ерназарұлының рухы жән­натта шалқысын! Артында қалған ба­уырларына, балалары мен ұрпақ­тарына, жұбайына Алла бар жақсы­лықты бұйыртсын!

 Серікбай ҚОШҚАРОВ,

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда

 университетінің профессоры