Қазақ халқының ұғымында 14 наурыз – Амал күні, яғни, атының өзі айтып тұрғандай, ай ортасынан аса келетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін қарсы алудың қам-қарекетін (амалын) жасау. Дәлірек айтсақ, тоқсан шығып, тоң жібіп, Жер-Ананың бауыры бусанатын шақ. «Амал келді, жыл келді» деп отыратын үлкен кісілер. Кейде осы күндердің бірінде аспаннан жұқа қар жауған кездер де болған. Халық мұны жақсылыққа балаған. Әдебиеттегі «Наурыздың ақша қарындай» деген теңеу сөз содан қалған болса керек.
Амал мерекесінде жұрт жаппай мал-жанның қыстан аман-есен шыққанын сүйіншілеп, көрші-көлем, ағайын-туыспен хабарласып, өкпелескен жандар татуласып, емен-жарқын жүздеседі. Қолында барын бөлісіп, қыстан қалған сүр етін қазанға салып, наурызкөжесін дайындап, бір-бірінің дастарқанынан дәм татады. Одан әрі көктемгі шаруаның жайы, қыстан аман шыққан мал басын жазық дала төсіне, жайлауға шығару сияқты тіршіліктердің басталатыны белгілі.
Білуімізше, батыс өңірде бұл күнді «Көрісу күні» деп атайды. Әр қазақтың үйінде қазанда ет асылып, дастарқан жайылады. Ешкім арнайы шақырылмайды, дегенмен салт бойынша сәлем бере келетін құдайы қонақ үшін жайылған дастарқан жиылмайды. Бұл күні адамдар бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Жақсы ниетпен қауышады. Жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып жағдай сұрасып, мерекеге жайылған дастарқанынан дәм татады.
Жалағаш ауданының тұрғыны, ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі, белгілі ақын Зордан Салықбаевтың жары Дина Миірманова апамыздың айтуынша, Амал күні – Жаңа жылды қарсы алу алдындағы мереке.
– Бала күнімізден естіп өткеніміздей, үлкен кісілер наурыздың 18-і күні Самарқанның көк тасы еріді деп жататын. Жұрт мәре-сәре боп, дастарқанын жайып, ақ сақалды атаның, ақ жаулықты ананың батасын алуға асығады. Қыс бойы хабарласа алмай қалған (ол кезде телефон жоқ) ауылдың қариялары бір-бірімен қуанысып қауышып, қауқылдасып, жағдай сұрасып жататын.
Кешегі кеңестік кезеңде Наурыз тойы ең алғаш 1988 жылы 22 наурызда Өзбекәлі Жәнібеков пен Мұхтар Шахановтың ықпалымен Алматыда бастау алғанын білеміз. Содан кейін 1991 жылдан бастап жалпы ел аумағында тойланып келеді. Жылдан-жылға мерекенің қоғамдық маңызы кеңейе түсті.
Мемлекет басшысының бастамасымен бірер жылдан бері Наурыз тойы Амал күнінен бастап әрбір күнге өзінше атау беріліп, он күн қатар тойланатын болды. Бұл үрдіс те көпшіліктің көңілінен шығып, халықтың бірлігін нығайтуға, сонымен қатар, ұлттық мерекеміздің сән-салтанатын арттыруға ерекше әсер етіп отыр, – дейді Дина апай.
Иә, арада қаншама жылдар өткенде жадымызда қайта жаңғырған Наурыз тойы халықтың рухын көтеріп, ынтымағы мен берекесін арттыра түскендей. Алғашқы жылдарға қарағанда, айтулы мерекеге халықтың ықыласы ерекше. Үлкен-кіші ұлттық нақышта киініп, әжелерден бастап қыз-келіншектер әшекейін тағынып, әдемі қалпымен көз тартады. Ал ер жігіттер атқа мініп, бәйгеге шауып, көкпар тартысып, мерекені өз алдына қызықты өткізеді.
Биылғы Наурызнама онкүндігінің басы Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Ел-жұртымыз үшін ынтымақ пен бірліктің орны ерекше. Ұрпағымыздың келешегі кемел, мемлекетіміздің мәртебесі биік болсын!
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





