Аманат арқалаған 10 жыл

313

0

Фото: Автордан

«Бұл жасқа келгенше жақсы өт­кіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік…» деп терең ойға шомады дана Абайдың өзі… Ал біз қалай өткіздік?.. Бұл са­уал ер жасын еңсерген кез келген есі түзу адамды ұйқысынан айы­рары анық. Сол қатарда мен де бармын-ау деймін. Себебі, 60 деген бөлек асу көп толғандырып жүр.

Әрине, махаббатқа бөленіп өскен бала дәуренім, жас қайың­дарша жайқалып өткен жастық шақ, келін орамал тағып, ұрпақ жал­ғастырған аналығым, есепсіз қажыр-қайрат жұмсаған еңбек жыл­дары, балаларымнан көрген ең алғашқы қызық, бәрі-бәрі – қол­мен салған суреттей бір аяулы ғұмыр ғой, соның ішіндегі қай­та­лан­байтын мезет – аманат арқалаған 10 жылым шығар. Ол 10 жыл – қабырғасының қазығы енді қағылған сол күннен бастау алып, бүгінмен түйінделіп тұрған «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының 10 жылы еді.

Оңай болған жоқ, бірақ, еңсер­дік! Дүниеде не жаман? Ажырау жаман… Дүниеде не ауыр? Тағ­дыр­дың тәлкегінен азап тартқан адамды жұбату ауыр… Дүниеде не қиын? «Алты ағаң қосылып әке, жеті жеңгең қосылып шеше бола алмайды» дейтін тура сөзі бар ха­лықтың баласына әке орынына әке, шеше орынына шеше болу… Біз сондай аманат арқаладық. Бәрі дәл кешегідей көз алдымда. Сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаев бастап, сол кездегі қала әкімі Н.Нә­лібаев жұмысқа жетекшілік етіп, қаланың ең сәулетті аумағынан жер бөліп, оның құрылысының мін­сіз болуына көп уақытын арнап, нық, нақ талаптар қойып, ша­ңырағының көтерілгені, сол кез­дегі облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова идеологиялық ба­ғыт-бағдарын бе­кітіп, жұмысқа кіріскені, дәуі­рі­міздің дана да, дара перзенті, заң­ғар жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбайұлы отбасы үлгісіндегі балалар ауылына өз аяғымен келіп, әр үйге ат қойғаны, бәрі-бәрі… Жалпы, бұл ауылдың қабырғасына бір кірпіш қалағанның еңбегі бар, себебі, бұл – Құдай үйген төбе ғой.

10 жыл жай өткен жоқ. Бәрі қызық пен шыжыққа толы. Жүз­деген баланың тағдырына ара­ластық. Тәні сау болғанымен жа­ны дертті, есі түзу болғанымен, жү­регі жаралы небір баланы қа­былдадық. Оны қатарға қосу, үйі­не үйрету, ертеңіне сендіру, бас­қа балаларға бауыр етуден бір үй салып, оны қайта бұзу жеңіл шы­­ғар… Жәутеңдеген жанар, бұ­йығы мінез, сағымға еліткен сана, белгісіз біреуді күткен бала аңсары. Бәрі бір бойымызда тула­ған екі адамның қанындай ой­нақ­шығанда, кең ауылдан жан да­мыл­­датар бұрыш таппай қалушы ек. Өмір деген ұлы мектеп бәріне үйретеді екен ғой. Мұндайға да үйрендік. Кейін барлық балаға Құдай жіберген қонақ деп қа­райтын қажыр-қайратқа қол жет­ті. Уақыт пен отбасыға балама жоқ деп ойлаушы ем. Құдай өзі қа­расты. Уақытқа үстемдік ете алма­ғанымызбен, ауылдың негізгі талабына сай отбасылық дәстүр-таным қалыптастыра алдық.

Мемлекет жетістігінің негізгі көрсеткіші – қорқынышсыз, уа­йымсыз, таршылықсыз өскен ба­қытты бала. Баладан баланың айыр­масы жоқ. Ал тағдырлы балалар – елдің ең нәзік тұсы, ең жанды жері. Біздер маңдайына жазғанды қайыспай көтеріп жүрген қайсар балалардың барша балаға тән бал дәмді сезінуі үшін тынымсыз еңбек еттік. Әлі де солай. «Ұя­да не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген дана халқымыздың дәл тәм­сілін қағида тұтып, балала­рымызға отбасы жылуын, қоғам мейірімін, ұлтымыздың төл тәрбиесін қал-қадірімізше сіңіруді өзімізге мақ­сат еттік.

Мойнымызға алғанымыз жеңіл жүк емес. Тым ауыр жауапкершілік арқаладық деп өзімізді өзіміз мұ­қатудан да аулақпыз. Себебі, ел Пре­зидентінен бастап, аймақ бас­шы­сының, министрлік пен бі­лім басқармасының, қоғам жа­н­а­шыр­лары мен мейірімді жан­­дар­дың ерекше назарының ар­қа­­сында көп өткелден жеңіл өтіп келеміз. Сол жан-жақты қол­дау­дың бәрін әр күн, әр сәт сайын балаларымыздың са­насына сіңі­руді дағдыға айнал­дыр­дық. Міне, осылардың арқасында!

Ал енді, осы 10 жылдағы тір­шілікті тізбектесем, «Атамекен» балалар ауылы өз жұмысын 2015 жылдың 1 маусымында бастаған болатын.

Алғаш жұмысымызды баста­ғалы бері 92 түлек түлеп ұшты. Оның барлығы дерлік кәсіби ма­манданды, мамандықтарын өздері таңдап, болашақтарына бағыт ал­­ды. Мемлекеттік бағдарла­ма­мен 48 ұл-қызым үйлі болды. Осы бала­лардың арқасында Қа­зақ­станның 25 жас отбасының неке қиғанына куәгер болып, 25 рет қаза­қылықтың жолымен құдалыққа бардым.

«Қандай тағдыр кешпесін, ең әуелі мейірім мен ізгілікті ту ету – адамзаттың ең асыл қасиеті» деп берілген тәрбие мен ұлт ретіндегі ерекшеліктерімізді бала бойына сіңіре алғанымыздың бір дәлелі – қазіргі таңда үлкен өмірге қадам басқан түлектеріміздің көпшілігі кезінде ара үзіп қалған ата-аналарын тауып, қолдарына алып, отбасы үлгісіндегі балалар ауылында түйіп өскен ең ізгі жолды жалғап отырғандығы. Бұл біздің үлкен жетістігіміз.

«Атамекен» балалар ауылын­да үздіксіз жүргізілетін жұмыс­тың бірі һәм негізгісі – тәрбиеле­нушілерді отбасына орналастыру. 2015-2024 жылдары 43 бала отбасын тапты. Оның 9-ы өз отбасына қайта оралды, патронаттық тәрбиеге 16 бала, қорғаншы болып белгіленген ата-анаға сеніп 18 бала тапсырылды. Бұл да мен үшін үлкен қуаныш, себебі, кім-кімге де өз отбасында болу, өз отбасын табу бір бақыт емес пе?

«Біртұтас тәрбие» бағдарлама­сына сәйкес жалпыадамзаттық жә­не ұлттық құндылықтар негізін­де саналы азамат тәрбиелеу, тәр­бие парадигмасын тәуелсіздік, Отан­шылдық, бірлік пен ынтымақ, әділ­дік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кә­сіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық құзыреттіліктері ар­қылы жаңартуды басты мақсаты­мыз еттік. Ауылымызда «Оқуға құштар ауыл», «Еңбек – менің мұратым», «Сиқырлы театр», «Жас­тар парламенті», «Дебат қоз­ғалысы» жобалары жұмыс жа­сайды. Ғылыми ізденістерінің ар­қасында балаларымыз ҚР Білім және ғылым министрлігінің Рес­публикалық «SAMGAU» жобасына «Жылыжайдан өнім алу» жұ­мысымен қатысып, грант жеңіп алды. Сонымен бірге, «Qoldau» қо­ғамдық бірлестігінің «Birgemiz: Sabaqtastyq» жобасы аясында бір­неше шағын грант ұтып алды.

Әр бала 2 түрлі үйірмемен қам­тылуы қағидаты бойынша ауы­лымыздың «Шығармашылық үйін­дегі» 17 түрлі үйірмеден бөлек, тәр­биеленушілер өз білім беру ұйым­дарындағы сыныптан тыс қо­сымша үйірмелер мен спорттық сек­цияларға, өнер мектептеріне қа­ты­сып, жақсы нәтижелер көр­сетіп келеді.

Айта кететін болсақ, соңғы 3 жылда тәрбиеленушілер өз білім­дері, еңбектерімен мемлекет­тік бі­лім гранттарын жеңіп алып, қа­зіргі таңда жоғары оқу орын­да­рының студенті ретінде білім алуы. Сонымен қатар 6-сынып­тан кейін балаларымыз «Білім-ин­новация» лицейі мен «Дарын» маман­дан­ды­рылған мектеп-лицейіне оқуға түсуде.

Балаларымның қиялының шең­­бері шексіз. Бәлкім соның ар­қа­сында да шығар, армандары шынға айналып, Ресей, Қыр­ғызстан, Өз­бекстан, Түркия, Польша, т.б. мемлекеттерге барып, көк туымызды желбіретіп қайтты.

Үлкен еңбек, қажыр-қайрат пен табандылықты талап ететін до­да­ларда балаларымыздың же­ңіс­тері бұдан да көбейе түседі де­ген үмітіміз бар. Себебі, менің әріп­тестерім – нағыз еңбек адамдары. Президентіміз Қасым-Жомарт Ке­мелұлы 2025 жылды «Жұ­мыс­шы мамандықтар жылы» деп атап, нағыз еңбек адамдарына қо­ғам­дық құрмет көрсетуді мұрат етті ғой. Түн ұйқысын төрт бөліп, жабыр­қаған баланың жанына жалау болып, қалжыраған балаға демеу бо­лып, олардың күлкісінен бақыт тауып, тағдырын арнаған әр маман нағыз еңбеккер емес пе?

Баршамыздың алдымызда тұр­­ған үлкен міндет пен  жа­уап­кершілік – жаһанданудың жаңаша кезеңінде ұлттық құнды­лықтарды сақтай отырып, ұлт ұстынын кес­кіндейтін келешек иелерін тәр­биелеу, қанаттандыру.

Жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл. Осы жолда бейқамдық танытпай, біздерге ерекше күш-қуат, қолдау сыйлаған қанша адам бар, бәріне алғысымыз шексіз!

Алғашқы мерейтойымыздың қар­­саңында тағылымға толы талай шараны өткізуді жоспарлап отыр­­мыз. Бәрі жайдан-жай емес, ұлағатты жылдардың таңбасын дер шағында қалдыру, балалардың ал­тын ұясына деген құрметін арттыру, халықтың жанарына жас тол­тырып, жүрегін елжірететін жет­кіншектеріміздің өмірімен таныстырып, көңілдерін бір демдеу. Осынау игі шаралар қарсаңында «Атамекен» балалар ауылына қа­тысы бар барша замандас-қоғам­дастарымды мерейлі датамен құт­тықтаймын!

Бақытты балалық шақ – ертеңгі қуатты Қазақстан! Қуатымыз әл­сіремесін! Жаңа онжылдықтың есігін ашып, үлкен армандарға қа­нат қомдап тұрған «Атамекен» балалар ауылына сәттілік серік болсын!

Лиза СКАКОВА,

«Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<