AMANAT партиясы заманауи технологияларды үйрететін өңірлік тренерлерді даярлауда

6

0

Қызылордада «AMANAT» партиясы облыстық филиалының бастамасымен «AMANAT AI TOT» ауқымды оқыту бағдарламасы іске қосылды. «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторы, «Daryn Ustaz» және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қолдауымен басталған жасанды интеллект бойынша интенсивті оқыту бағдарламасы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы және «Цифрлық қоғам» партиялық жобасын іске асыру мақсатында қолға алынып отыр.

Бағдарлама өңір жастарының цифрлық сауаттылығын арттырып, жасанды интеллект технологияларын меңгерген жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған.

Екі күнге созылатын оқыту бағдарламасына облыстың әр ауданынан іріктелген 30-дан астам белсенді жас қатысуда. Жобаның негізгі мақсаты – аудан жастарына заманауи технологияларды үйрететін өңірлік тренерлерді даярлау.

Бағдарламаның ашылу рәсімінде сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысушыларға сәттілік тілеп, партияның цифрландыру бағытындағы жүйелі жұмыстарына тоқталып өтті.

«Бүгінде «AMANAT» партиясы цифрландыру бағытын стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырып келеді. Өткен жылы партия «Daryn Ustaz» орталығымен бірлесіп «Ustazga AI» жобасын іске қосты. Бұл бастама мыңдаған мұғалімнің жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына жол ашты. «Жастар Рухы» ЖҚ өңірде бірнеше жыл қатарынан 10-11 сынып оқушылары арасында «СP Open Cup II 2024» спорттық бағдарламалау олимпиадасын ұйымдастырып, жеңімпаздарға Қорқыт ата университенінің білім гранттарын табыс етуде. 

Ал бүгінгі «AMANAT AI ToT» бағдарламасы – сол жұмыстың заңды жалғасы. Бұл жоба – тек білім беру алаңы ғана емес, өңірлердегі цифрлық теңсіздікті азайтып, жастарға нақты мүмкіндік беретін маңызды қадам. Екі күнде осыдан білім алған жастар ертең з аудандарына барып, жүздеген жастың цифрлық сауатын арттыруға үлес қосатын болады. Сонымен қатар рухтастарымыз алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жастарға үйден отырып, білім алуға қолайлы жағдай жасау, ІТ саласын үйрету мақсатында «META GALAM» жобасын жүзеге асырмақ», – деді Жандос Базартай.

Салтанатты шарада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің  Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева және «Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығының директоры Ерлан Әбдіманаптап жоба тиімділігі жөнінде пікірлерін ілдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кету керек, «AMANAT AI TOT» бағдарламасы барысында қатысушылар генеративті жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, нейрожелілермен жұмыс істеу қағидаттарын үйренеді. Сонымен қатар, ЖИ көмегімен мәтін, сурет және презентациялар дайындау, заманауи «vibecoding» тәсілдері арқылы бағдарламалау дағдыларын игеру қарастырылған. Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – ToT (Training of Trainers) форматы. Яғни қатысушылар күрделі технологияларды қарапайым тілмен түсіндіруді, сондай-ақ өз өңірлерінде оқыту іс-шараларын ұйымдастыру әдістерін меңгереді.

Екі күнгі оқыту қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, тегін курс берілетін болады.  Алдағы уақытта олар өз аудандарында жастарға арналған оқыту курстарын өткізіп, өңірдегі цифрлық білім деңгейін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.