«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Шиелі ауданына қарасты №21 бекет және Жансейіт елді мекендері табиғи газға қосылды.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған игілікті істің салтатантты ашылу рәсіміне облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері,жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Мәслихат төрағасы тұрғындарды көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылдарды дамытудың маңызын атап өтіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Бүгінде облыс тұрғындарының жартысынан астамы ауылдарда тұрады. Кейінгі жылдары облыс орталығымен қатар, ауылдарға да сапалы инфрақұрылым жеткізу ісі қарқын алды. Соның игілігі бүгін ауданда екі бірдей елді мекен көгілдір отынға қосылып, ауылдағы әр үй қуаныш пен жылуға кенелуде. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», –деді Мұрат Жолкелдіұлы.
Атап өтейік, бұл облыста жыл басынан партияның сайлауалды бағдарламасы аясында табиғи газға қосылып отырған 5 елді мекен. Бұған дейін Қазалы ауданында Ақтан батыр, Сырдария ауданында Нағи Ілиясов, Шаған ауылдық округтері, Қармақшы ауданына қарасты Дүр оңғар елді мекені газдандырылып, ауыл тұрғындарының көгілдір отын игілігін көруге жағдай жасалған болатын.
Мұнан бөлек, Шиелі ауданындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда ауқымды жұмыс атқарылды. Кентте 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімінің жаңа ғимараты, аудандық аурухана жанынан қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Бестам ауылдық округінде 150 орындық ауылдық клуб, аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл нысандар тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде.






