Аналар кеңесі – ұлағат мектебі

681

0

“Достық үйінде” облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің форумы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, аудандық аналар кеңесінің төрайымдары мен кеңес мүшелері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары қатысты.

«Отбасы. Тәрбие. Қоғам» та­қыры­бында өткен форум «Анам­ның бейнесі» және «Орамал – әйел-ананың байрағы» деп аталған суреттер мен қолөнер көрмесінен бастау алды.

Жиынды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңе­сінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева жүргізіп,  кеңестің жыл бойы ат­қар­ған нәтижелі жұмыстарын баян етті.

– Облыстық және аудандық аналар кеңесі қоғамдық өмірде өздеріне лайықты орынға ие болды. Бүгінде облыс көлемінде барлығы 1104 адамнан құралған 118 аналар кеңесі тиімді әрі нәтижелі жұмыс жасайды. Олар отбасы институтын нығайтуда және отбасы құндылықтарын дәріптеуде түрлі шараларды іске асырып келеді. Осы уақытқа дейін Аналар кеңестерінің ұйымдастыруымен түрлі форматтағы 100-ге жуық шара өтті. Оған 5 мыңнан астам адам тартылды. Сонымен бірге, кеңес жас отбасыларға әлеуметтік-психо­логиялық кеңес беру орталығымен, «Сыр аналары» қоғам­дық қорымен, «Шаңырақ» жас қыз-келіншектер ұйымымен, «Абысындар» клубымен, Қорқыт ата атындағы ҚМУ жанынан құрылған «Қыз Жібек» қыздар клубымен тығыз байланыста жұмыс істейді,– деді ол.

Жиын барысында қатысушы­лардың назарына «Аналар кеңесі – ұлағат мектебі» атты бейнеролик ұсынылып, баяндамашылар отбасы мәртебесі, ұлттық құндылықтар, бала тәрбиесі, өзге де маңызды мәселелерге байланысты өз ойларын ортаға салды. Мәселен, «Сырдария әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жиеналиева «Отбасы – тәрбие бастауы» тақырыбында сөз қозғаса, Қармақшы ауданы №108 мектеп директорының орынбасары Дильфура Байрактарова «Бала тәрбиелеуде отбасы мен мектептің байланысы» тақырыбында, «Күне­кей» балабақшасының меңгеру­шісі Салтанат Қасенова балаларды балабақшада тәрбиелеу тәжірибесі туралы, психолог Сымбат Әбдірахманова ата-ана мен бала арасындағы қатынас жайлы, Қармақшы аудандық «Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйі» директорының орынбасары Бидас Рүстембеков «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбында келелі ой, тұшымды пікірлерін білдірді.

Шараны облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов қорытындылап, аналар кеңесінің алдағы жұмысына табыс тіледі.

– Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі бүгінгі қоғамда еш өзегін жойған емес. Өйткені, отбасы –  еліміздің іргетасы. Сондықтан мемлекеттің өсуі мен тұрақтылығы отбасына байланысты. Шаңырақ берекелі болсын десек, бала тәрбие­сіне ерекше көңіл аударып, рухани құндылықтарды сіңіре білуіміз керек. Сонда ғана біз бүтін, кемел ел болатынымыз анық. Бүгінгідей шараны ұйымдастырған, аналар кеңесіне алғысым шексіз, – деді ол.

Жиын соңында ән-жырдан шашу ша­шылып,  республикалық байқау­дың жеңімпазы  К.Луца аналар қауы­мына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<