Аналарға ақ тілек

889

0

Аналарға ақ тілек Халықаралық әйелдер күні Сыр өңірінде сән-салтанатымен аталып өтті. Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында ұйымдастырылған мерекелік шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Бүгінде әйелдер тек отбасының ұйыт­қысы, тыныштықтың шырақшысы ғана емес, қоғамдық-саяси өмірде де белсенді. Әйел – кәсіпкер, әйел – саясаткер, әйел – қайраткер деген ұғымдар санамызға сіңіп үлгерді. Қазақстандық қыз-келіншектер билік пен бизнесте де, ғылым мен мәдениетте де ерекше қабілеттерімен танылып жүр.

Салтанатты шарада отбасында да, кәсіпте де табысқа кенеліп, құрметке бөленіп жүрген әйел-аналарды облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов құттықтап, олардың еңбегіне алғыс білдірді.

– Қазіргі күні облыстық басқармалардың ең негізгі әрі жауапты 5-ін әйелдер басқарады. Мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны 3570 болса, оның 46%-і – қыз-келіншектер. Өңірдегі көпбалалы 44 мыңнан астам ананың 27 мыңнан астамы – Батыр аналар, – деді Н.Байқадамов.

Сыр елі Елбасының рухани жаңғыру идеясының алғашқы қадамын әйел-анаға құрмет көрсетуден бастады. Өткен жылдың желтоқсанында Қызылорда қаласының Бегім ана көшесінде «Ана бақыты» ескерткіші және аналар аллеясы ашылды. Ендігі кезекте облыс орталығында жүзеге асырылған игі іс барлық елді мекенде жалғасуы тиіс.

Тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, барша адамзаттың тәрбиешісі – қыз-келіншектердің құрметіне ән мен жырдан шашу шашылды. Мәдениет және білім беру ісінің үздіктерінен құралған әкелер тобы, «Бастаңғы» әжелер ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, әнші Игорь Благодарный, «Томирис» би тобы, «Сырдария» квартеті, қалалық оқушылар сарайының ер балалар хоры әзірлеген концертті көпшілік ерекше көңіл-күймен тамашалады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<