Қанат Ислам промоутерлік компания ашты

95

0

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам АҚШ-та «QAZAQ promotions» промоутерлік компаниясын ашты. Бұл туралы боксшының facebook желісіндегі ресми парақшасында хабарланды.

– Қанат Ислам Америкада «QAZAQ promotions» промоутерлік компаниясын ашты. «QAZAQ promotions» Американың ірі промоутерлік компанияларымен бірлесіп үлкен бокс кештерін ұйымдастыратын болады. Бүгінде «Main event» промоутерлік компаниясымен серіктестік орнаттық. Алда жоспар көп. Биыл чемпиондық жекпе-жек өткізу ең басты мақсатымыз. Сол жолда команда тынбай еңбек етуде, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қанат Ислам жақында ғана танымал менеджер Эгис Климаспен келісімге келіп, АҚШ-тағы жаттығуын бастаған еді. Боксшы 2011 жылдан бері кәсіпқой бокста қазақ елінің атынан бақ сынап келеді. Ал оған дейін Қытай елінде жүріп, Олимпиада ойындарының (2008 жылы) және әлем чемпионатының (2007 жылы) қола жүлдегері атанды. Ол соңғы кездесуін 9 қыркүйек күні Астана қаласында өткізіп, канадалық Брэндон Кукты (18-1, 11 КО) тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңген еді. Осылайша, отандасымыз WBO NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерін сақтап қалды.