Апат салдары анықталуда

438

0

Апат салдары анықталуда Қазір қауіп аяқ астында, әсіресе, елімізде жол-көлік оқиғасы ең қиын әрі күрделі мәселеге айналып барады. 16 қараша күні Қармақшы ауданы Ақжар ауылының маңында, «Самара-Шымкент» тасжолында екі жолаушылар автобусы соқтығысып, оқиға салдары  жұртшылықты әбігерге салды.

«Қазалы-Қызылорда» және «Қы­зылорда-Қармақшы» бағытындағы екі автобуста 86 жолаушы болған. Жол-көлік оқиғасынан кейін жедел түрде 74 адамға медициналық көмек көрсетіліп, апат орнына Қармақшы ауданының әкі­мі Сұлтан Мақашов пен аудан әкім­дігінің қызметкерлері, облыстық ден­сау­лық сақтау, жұмылдыру дайындығы басқармалары мен жергілікті полиция қызметінің, сондай-ақ төтен­ше жағдайлар және ішкі істер департа­ментінің басшылары барған. Сенбі күні осы мәселеге байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде сала басшылары баспасөз конференциясын өткізді.

– Жолаушылардың басым көпшілігі – Қазалы және Қармақшы ауданының тұрғындары. Хабарлама түскен бойда жедел түрде көмек көрсету жұмыстары жүргізілгенімен, екі адам оқиға орнында жан тапсырды. Екеуі де Қармақшы ауданының 1964, 1997 жылғы тұрғын­дары. Ал ауыр жарақат салдарынан 2011 жылғы жасөспірім ауруханада дүниеден өтті, – деді облыстық жұмылдыру дай­ын­дығы басқармасы басшысының орын­басары Ғабит Жаңабаев.

Оқиға орнында жолаушыларға жедел көмек көрсету мақсатында жергілікті по­лиция қызметінің 34 қызметкері, 13 арнайы техника мен 34 төтенше жағдайлар департаментінің маманы, 130 медицина саласының қызметкері жұмылдырылған. Сондай-ақ, 12 жедел-жәрдем бригадасы жұмыс істеген.

Бүгінде медициналық көмекке жү­гінген 74 адамның 30-ы ауруханаға жат­қызылған. Оның ішінде 5-і жан­сақтау бөлімінде болса, 6-на  ота жа­салған. Сондай-ақ, Қармақшы ауда­нының ауруханасынан санитарлық авиация арқылы 3 науқас облыстық медицина орталығына ауыстырылды. Зардап шеккен жолаушылар дәрі­гердің жіті бақылауында болса, қалған 45-не алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем тағайындалған.

Жол-көлік оқиғасының неден бол­ғаны әзірге белгісіз. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраевтың айтуынша, аталған төтенше жағдай фактісі бойынша тексеру басталып, қылмыстық іс қозғалған.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
 «Сыр бойы».