Кеше аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиынның күн тәртібінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны және кенттің санитарлық-тазалық мәселелері қаралды.
Елімізде көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны 1 наурызда басталып, маусым айының соңына дейін жалғасады. Осыған орай жиында ата-аналармен профилактикалық жұмыстарды күшейту, әскери қызметтің маңыздылығы туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ әскерге шақыру пункттері мен медициналық комиссиялардың тұрақты әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету міндеттелді.
Сонымен қатар, кент және ауылдық округтерде санитарлық тазалықты күшейту, күл-қоқыс қалдықтарын уақтылы шығару және ғимараттардың қасбеттерін әрлеу бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ мүшелері аудан орталығындағы ірі азық-түлік дүкендері мен көтерме сауда орындарын аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізуде.
Аудан әкімі бұл бағыттағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәжіліс қорытындысымен аудан әкімі күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






