Бүгін қала әкімі Серік Қожаниязовтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, онда өзекті екі мәселе талқыланды.
Қазір қалада 150 көпқабатты иесіз үй бар, яғни олар кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тиісті пәтер иелері кооперативінің қарауына тіркелмеген. Осы мәселенің құқықтық тәртібі зерттеліп, алдағы уақытта тұрғын үйлердің тиісті құжаттары рәсімделіп, конкурс арқылы кондоминиум обьектісін басқарушы органы тағайындалатын болады.
Ал, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту бойынша біршама ілгерілеушілік бар. Атап айтқанда, қалада кәсіпкерлердің саны 33 296-ға жетіп, оның 93,7 пайызы тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл секторда 66 450 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде 527,4 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Сол секілді бөлшек сауданың нақты көлем индексі 102,4%, көтерме сауда 104 пайызға өсіп отыр.
Шаһар басшысы инвестиция тарту бойынша кент, ауылдық округтердегі бүгінгі жағдайды біліп, жұмыс жүргізудің жүйесін нақтылап, жауапкершілікті күшейту керек деді. Сонымен қатар, жауапты бөлімдерге санитарлық тазалықты жүйелі ұйымдастыруды, келер жылы аталып өтілетін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тыңғылықты дайындық жасауды, «Тағзым алаңдарына» күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<