АПТАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

377

0

АПТАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ Жексенбіде Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда «Саламатты сандарға қол жеткіз!» ұранымен бір апта бойы жүргізілген ден­саулық фестивалі қоры­­­тындыланды. Салта­натты шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
– Халқымыз ертеден ден­сау­лық­ты бірінші байлыққа балап, оған зор мән берген. Себебі, ұлттың, мем­лекеттің басты қазынасы – дені сау адам. Біздің елімізде де Ел­басының бастамасымен тұр­ғын­дар сау­лығын сақтауға қа­тыс­ты көп­теген ауқымды бастама­лар жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде Сыр өңірінде де қан­шама істер атқарылуда.  Міне, бір аптаға жалғасқан денсаулық фес­тивалінің  мақ­са­ты да қоғам­ның, тұрғын­дар­дың назарын бел­сенді өмір салтын ұстануға ау­дару, қимыл белсенділігінің ар­тық­­шылықтары туралы ақ­па­рат­тандыру, күнделікті дене белсен­ділігі дағдыларын қа­лыптастыруға ықпал ету болып табылады,– деді Р.Рүстемов.
ДДСҰ мәліметтері бойынша дене белсенділігінің жетіс­пеу­ші­лігі инсульт, диабет, обыр секілді ин­фекциялық емес аурулардың маңызды фак­торы болып табылады. Әлемде ересектердің 23 про­­цен­тінде, мектепке баратын жас­өспірімдердің 81 про­центінде дене бел­сенділігінің жетіспеушілігі се­зілу­де. Осы орайда дене белсен­ді­лігін арттыру мәселесі тек жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас қо­ғамның ортақ мәселесіне айналуда.
Аптаға жалғасқан шара аясында «Денсаулық сандарына жет!» ұраны насихатталып, дене белсенділігін арттырып, дұрыс тамақтануды жүйелеу, шылым шегуді азайту бағытында жұмыстар жүргізілді. Осы орайда қалалық демалыс және мәдениет паркінде «Саламатты әдеттер марафоны!» челенджі ұйымдастырылды және «Салауатты тамақтану» бойынша 10 күн бойы үстелге тұз қоймау, жеміс-жидектерді көп тұтыну, қант, майды мөлшерден артық пайдаланбау, «дене белсенділігін қалыптастыруда» 10 күн бойы 10000 қадам жүру және қан қысымын қадағалау насихатталып, танымдық ақпараттар берілді. Сондай-ақ, қарттар арасында Сырдария жағалауы бойымен «скандинавтық серуендеу» өткізіл­ді және дене шынықтыруға, спортпен айналысуға қызығушылық білдірген тұрғындар үшін көше тренажерларында шынығуды насихаттауға арналған «Белсенді өмір – ұзақ өмірдің кепілі!» ұранымен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Сонымен бірге «Зумба» би түрінен фитнес жарыс, велошеру және түрлі акциялар өтті.
Қорытынды шара барысында да спорттық ойындар өткізілді және медициналық қалашық ұйымдастырылып, барлық емдеу, алдын алу мекемелері тұрғындардың қан қысымын өлшеп, қан құрамындағы холес­терин, қант мөлшерін анықтауға жағдай жасады.  Мәселен, облыс орталығындағы ірі медициналық мекеменің бірі – №3 қалалық емхана мамандары түске дейін 80-ге жуық тұрғынға көмек көрсеткен. Келушілер бой, салмақтарын өлшеп, қан қысымын, қандағы холестерин мен қант мөлшерін анықтап, мамандар кеңесін алған. Тұрғындарға сонымен бірге түрлі аурулардың алдын алу жөнінде танымдық-ақпараттық материалдар таратылды.
Салтанатты шарада фестиваль­ға белсене қатысушылар мен спорт­тық сайыстардың жеңімпаздары анық­талып, олар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<