Жексенбіде Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда «Саламатты сандарға қол жеткіз!» ұранымен бір апта бойы жүргізілген денсаулық фестивалі қорытындыланды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
– Халқымыз ертеден денсаулықты бірінші байлыққа балап, оған зор мән берген. Себебі, ұлттың, мемлекеттің басты қазынасы – дені сау адам. Біздің елімізде де Елбасының бастамасымен тұрғындар саулығын сақтауға қатысты көптеген ауқымды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде Сыр өңірінде де қаншама істер атқарылуда. Міне, бір аптаға жалғасқан денсаулық фестивалінің мақсаты да қоғамның, тұрғындардың назарын белсенді өмір салтын ұстануға аудару, қимыл белсенділігінің артықшылықтары туралы ақпараттандыру, күнделікті дене белсенділігі дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету болып табылады,– деді Р.Рүстемов.
ДДСҰ мәліметтері бойынша дене белсенділігінің жетіспеушілігі инсульт, диабет, обыр секілді инфекциялық емес аурулардың маңызды факторы болып табылады. Әлемде ересектердің 23 процентінде, мектепке баратын жасөспірімдердің 81 процентінде дене белсенділігінің жетіспеушілігі сезілуде. Осы орайда дене белсенділігін арттыру мәселесі тек жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ мәселесіне айналуда.
Аптаға жалғасқан шара аясында «Денсаулық сандарына жет!» ұраны насихатталып, дене белсенділігін арттырып, дұрыс тамақтануды жүйелеу, шылым шегуді азайту бағытында жұмыстар жүргізілді. Осы орайда қалалық демалыс және мәдениет паркінде «Саламатты әдеттер марафоны!» челенджі ұйымдастырылды және «Салауатты тамақтану» бойынша 10 күн бойы үстелге тұз қоймау, жеміс-жидектерді көп тұтыну, қант, майды мөлшерден артық пайдаланбау, «дене белсенділігін қалыптастыруда» 10 күн бойы 10000 қадам жүру және қан қысымын қадағалау насихатталып, танымдық ақпараттар берілді. Сондай-ақ, қарттар арасында Сырдария жағалауы бойымен «скандинавтық серуендеу» өткізілді және дене шынықтыруға, спортпен айналысуға қызығушылық білдірген тұрғындар үшін көше тренажерларында шынығуды насихаттауға арналған «Белсенді өмір – ұзақ өмірдің кепілі!» ұранымен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Сонымен бірге «Зумба» би түрінен фитнес жарыс, велошеру және түрлі акциялар өтті.
Қорытынды шара барысында да спорттық ойындар өткізілді және медициналық қалашық ұйымдастырылып, барлық емдеу, алдын алу мекемелері тұрғындардың қан қысымын өлшеп, қан құрамындағы холестерин, қант мөлшерін анықтауға жағдай жасады. Мәселен, облыс орталығындағы ірі медициналық мекеменің бірі – №3 қалалық емхана мамандары түске дейін 80-ге жуық тұрғынға көмек көрсеткен. Келушілер бой, салмақтарын өлшеп, қан қысымын, қандағы холестерин мен қант мөлшерін анықтап, мамандар кеңесін алған. Тұрғындарға сонымен бірге түрлі аурулардың алдын алу жөнінде танымдық-ақпараттық материалдар таратылды.
Салтанатты шарада фестивальға белсене қатысушылар мен спорттық сайыстардың жеңімпаздары анықталып, олар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<