Ақ самолет, самолет…

61

0

әңгіме

Биыл ақын, жазушы-журналист, күйші Жұмабай Жақыптың туғанына 80 жыл. 1945 жылы 1 шілдеде Арал ауданының Райым ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1962 жылы Қамыстыбас №21 орта мектебін, 1964 жылы Қазалыдағы теміржолшылар училищесін, 1976 жылы Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде корректорлықтан бастап әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды.

Мұнан кейін Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде радио бөлімінің меңгерушісі, облыстық телерадиокомпанияда аға редактор, Арал аудандық радио хабарын тарату редакциясында жауапты редактор, аудандық «Толқын» газетінде жауапты хатшы, аудан әкімінің баспасөз хатшысы болған. 1999-2009 жылдары облыстық «Сыр бойы» газетінің Арал-Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі, Арал аудандық «Толқын» газетінде редактор-директор қызметтерін атқарды. Ол ақын, журналист, жазушы ретінде облысымызға кеңінен танымал қаламгер. Ертегілері «Жүректегі жауһарлар» атты жинағына енді. «Жетес би», «Сазгер-күйші Шал-Мырза», сонымен бірге «Шешілген түйін», «Аралдық Бауыржанның әзіл әлемі» атты прозалық, «Жастық шақтан бір белгі» атты өлең кітаптары жарық көрген. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, Арал ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Жақыптың балалық шағынан сыр шертетін тебіреніске толы әңгімесі оқырманға ұсынылады.

Керім дала көкке малынған көктемнің соңғы айы. Мерекеге толы мамырдың көңілді күндері өтіп жатқан. Әбден мезі еткен оқу жылы да аяқталып келеді. Мектепке келгеніміз болмаса, сабаққа зауқымыз жоқ. Содан ба, тәртіпті босаңсытқысы келмеген ағайларымыздың айқайы басым.

Әдеттегідей үшінші сабақтан үзіліске шық­қанбыз. Бір кезде аспан әлемін қуатты мотор үнімен қақ жарып ақ самолет ұшып келеді. Тура мектебіміздің үстінен өтті. Да­уысының ащы­сын-ай! Құлағымызды тұн­дырды. Инеліктей құп-құттай болып құдіретін-ай десеңші!

Ауылдағы ағаш кабиналы сырқылдақ машинадан басқаны көрмеген біздер үшін самолетті көру ғажап жаңалық, таптырмас тамаша! Содан ғой бәріміз жарыса:

– Ақ самолет, самолет, біздің ауылға қона кет! – деп тамағымыз жыртылғанша жарыса айқайлап жатырмыз.

Біздің дауысымызды есіткендей әлгі самолет кері бұрылып ауыл үстін бір айналып, теміржолдың арғы бетіндегі үлкен тақырға қонғандай болды. Қашық емес, асқанда 2-3 шақырым. Не істейміз? Бір-бірімізге қа­раймыз. Самолетті бір көру арман. Шы­дама­дық, «кеттік» дедік. Сабақ жөніне қалды. Сыныптағы алты бала жарыса жүгіріп құстай ұшып келеміз. Міне, жеттік-ау. Біріміз қанатынан, біріміз құйрығынан сипалап, ас­ты-үстін тіміскілеп, қызықтап жүрміз. Біз­дің бұрын-соңды самолет көрмегенімізді бай­қаған ұшқыштар да күлімдей қарап тұр. Осылай самолеттің қызығына тоймай жүр­ге­німізде ауылдық аурухананың жедел жәрдем машинасы ышқына келіп, әлдекімді зембілмен самолетке кіргізіп жатты. «Ол кім? Ол не қылған адам?», онда біздің шаруамыз жоқ. Бар есіл-дертіміз самолетте.

Сәлден соң самолеттің есігі тарс жабылып, моторы от алды. Қызықтың көкесі енді болды. Дәрігерлер машинасына мінген. Біз самолеттің артында көз ілеспей айналған мотор қалақшасының дауылына қарсы қарап, қас батырдай қақшиып тұрмыз. Қасымдағы Оңғарбай көйлегінің етегін көтеріп қалып еді, мә, жел үрлеген денесі күп болып ісіп кетті. Содан бәріміз де көйлегімізді көтеріп, күмпиіп-күмпиіп шыға келдік. Осы сәтте ортамыздағы мектепте бел темір көтерумен айналысып, күші басынан асып жүрген Жеңіс жүгіріп барып самолеттің артқы қалақшасын құшақтай тас қып ұстап алды. Шамасы самолетпен күш сынаспақ. Мен де қарап тұра алмай, құйрықтың екінші қанатына жармастым.

Өкшемізді тақырға өңмендей тіреп, тістеніп тұрмыз. Мотордың дауысы да, дауылы да үдей түсті. Бір кезде самолеттің қанат құйрығы қозғалып, жын қаққандай бүкіл денесі солқылдап, қалш-қалш етіп қозғала бастады. Біз болсақ дүлей дауылға дес бермей әлі тістеніп тұрмыз. Міне, бара-бара күш алған алып инеліктің доңғалағы орнынан жылжып, табан тіреуге де мұрша бермей алға ытқыды. Біразға дейін жармаса жүгіріп, етпетпей құлауға шақ қалып, шаң қауып біз қалдық. Күшті екен, лезде аспанға көтерілген самолет қайта айналып, бізді мазақ қылғандай үстімізден өтіп, Аралға бағыт алды. Көзіміз құмға толған біздер әбден көрінбей кеткенше қарап тұрдық. Бір-бірімізге қарап: «Мә, күшті екен!» дейміз.

Самолеттің қызығы осылай таусылған соң, ойға сабақ оралды. «Ағайларымыз ұрысып жатқан шығар. Давай, тездетейік» деп мектепке қарай тағы да жарыса жүгірдік. Бірақ екпін манағыдай емес, бәсең, басылған. Қалып қойғанымыз Бөжен ағайдың тарих сабағы еді. Ой, денесі қандай кең болса, мінезі де сондай жан еді. Оның сабағында бір-бірімізді түрткілеп еркін отыратынбыз. Бірақ ол ашуланса бар ғой, соғыста қан көрген адам ғой, екі көзі шатынап, құлағыңнан құшырлана бұрай ұстап, коридорға сүйреп шығарып бір мытып алғанда бар ғой, көкеңді көзіңе көрсететін. Осылай алда не күтіп тұрғанын ойлай асыға-алқына жүгіріп келеміз. Міне, алау-далау болып екпінімізді баса алмай, алақ-жұлақ қарап сыныпқа да кірдік. Құдай оңдағанда Бөжен ағай жоқ екен. Есесіне сынып жетекшіміз Үргенішбай ағай түтіге қарсы алды. Кірерімізді кірсек те партаға отыруға бет жоқ, есіктің алдында үрпейісіп тұрмыз.

– Сабақ қайда, қайда болдыңдар?

Бізде үн жоқ. Бірімізге біріміз қарап көзімізбен жер шұқып тұрмыз.

– Оу, айтсаңдаршы, тілдеріңді жұтып қой­дың­дар ма? Қайда болдыңдар? – деп ағай ашуға мінді.

Сәлден соң арамыздан өтірікке жоқ Әйтеке:

– Самолетті көруге барып едік, ағай, үзі­лісте үлгере алмай қалдық, – деп шындықты айтты.

– Самолет дейді… Самолет сабақ па сендерге? Бәрің бірдей жоқ болып… Біреуің баста­дыңдар ғой, кәне қайсысың? Қарабеков сен бе, Айғараев сен бе әлде Күртебаев сен бе?

Өңі сары ағай оттан шыққан темірдей қып-қызыл болып қанасына сыймай бізге жеке-жеке тиісті.

– Самолет сендерге ойыншық па, ол ауруханада өлім аузында жатқан науқасты Аралға, үлкен ауруханаға жедел жеткізуге келген. Аурумен алысып жатқан жанға өмір керек, ал сендерге қызық керек…

Біз самолеттің неге келгенін сонда барып білдік.

– Ағай, біз байқамай қалдық, кешіріңізші, екінші қайталанбайды, – деген Оңғарбай бәріміздің атымыздан ақтала жауап беріп, үстімізден ауыр жүкті түсіргендей болды. Сәлден соң ағай да сабырға келді.

– Оқу жылын аяқтауға санаулы-ақ күн­дерің қалды. Сабаққа бұлайша салғырт қа­рауға болмайды ғой. Екінші қайталанбасын. Бар, орындарыңа отырыңдар.

Ағайдың қатты кетпегеніне қыздар да қуа­нып қалды. Біздерге аянышты қарап, жымың-жымың етеді.

Үйге шаршап келдім. Жеңешем ауруханада. Сондықтан үйдің бар тірлігі әжемнің, содан соң сабақтан кейін менің мойнымда. Оқудан келетін уақытым белгілі. Әжем шай дастарханын жасап қойыпты. Жүзі бұ­рынғыдай емес, сынық. Бүгін көп жұмыс іс­теген-ау деймін. Кітаптарымды тастап, қо­лымды шала-пұла шайып, дастарқан басына, әжемнің қасына отырдым. Қаймақ қатқан бір кесе шайымды алдыма қоя беріп:

– Сен білмейсің ғой, жеңешеңді Аралға алып кетті, – деді.

– Қалай? Неге? – деп әжеме аңтарылдым.

– Операция жасамаса болмайтын болыпты. Содан жаңа асығыс самолетпен алып кетіпті.

Бағанағы, бағанағы ма, Үргенішбай ағай тас төбемнен тоқпақпен қойып қалғандай болды. Аузымдағы шайнап отырған нанымды да жұта алмай ес-түссіз аңтарылып қалдым. Мә, саған самолет. Мә, саған қызық?! Не деген аңқаумын. Не деген ақымақпын…

Бағана жедел жәрдем машинасынан түсіріп, самолетке зембілмен көтеріп мінгі­зіп жатқандары менің жеңешем екен ғой. Есіл-дертім самолет болып жүргенде жеңе­шем мені сыртымнан көрген де шығар. Сонда ол: «Мен мынандай күйде кетіп бара жатқанымда бір қарамағаны несі?» деп ренжіген де шығар. Жеңешем болмағанның өзінде ол ауылдың бір адамы ғой. Бір сәт көңіл аударып, кім екенін біліп «сауығып кетіңіз» деп жанына демеу болар тілек айтып, аяушылық танытпағаным қалай? Сонда мен қандай жанмын, а? Не деген ессізбін? Жеңешемнен самолеттің артық болғаны ма?

Осылай өзімді-өзім мыжып, мытып отыр­ғанымда әжемнің:

– Балам, шайыңды іш, суып кетті ғой, Құдай қаласа жеңешең де сауығып келер. Ауданға алып кетті, бір амалы болар. Алла жар болсын, – деген жылы сөзі жанымды жібітіп, өзіме-өзім келгендей болдым. Осылай дертіне дауа болар жылы сөз айтып, тілек білдіріп, үйден бір адамның жеңешемді шығарып сала алмағанына тағы да өкініп, отырып қалдым. Бірақ әжеме самолет жайлы сыр білдіргенім жоқ, дым білмегендей үнсіз отырып, бір-екі кесе шай ішкендей болдым.

Біз теміржолдың бойындағы Арал-Қазалы аралығындағы Қамыстыбас деген үлкен стансада тұрамыз. Халық көбіне «Қамбаш» деп атайды. Сол теміржол стансасының қасында ауызсу алатын колонка бар. Ауылдың бүкіл халқы осыдан су ішеді. Кейде адамдар кезекте тұрып қалады. Мұндайда әйелдердің басы құралып, қыздыра әңгімелесіп құдайлары беретіні бар.

Жеңешем ауырғалы оның үйдегі бар жұмысын әжем екеуіміз бөліп атқаратын болдық. Әжемнің міндеті – тамақ дайындау, кір жуу. Менің жұмысым – әлгі колонкадан су тасу, сосын самаурын қайнату. Жеңешем екі шелегін іліп алып инағашпен таситын. Мен қалай иығыма инағаш салайын. Қыздар көріп қояды, ұят қой. Содан адам аяғы басылғанда түнемелік тасимын. Онда да шелекпен емес. Үйде су құятын екі фляг бар, соның біреуін иығыма салып аламын, инағаштан тәуір ғой. Әрі бір тасығанда төрт шелек су әкелемін. Әдепкіде ауыр болар деп орталап, үш шелек құйып едім. Оным қозғалған кезде шайқатылып, флягім бірде алға, бірде артқа лықсып, теңселіп еркін жүре алмадым. Келесіде толтырып алдым. Енді лықсымайды, жақсы. Бір иығым талса, арқамнан домалатып екінші иығыма салып аламын. Үйде екі фляг бар. Екі рет тасысам бітті.

Жеңешем кейде: «Суды Қосай атаның құдығынан әкелдім» деп отыратын. Оны­­сы колонка мен үйдің орта жолында Қосай деген ақса­қалдың үйі болды. Ауласын­да қолдан қазып алған құдығы бар. Терең. Суы мөлдір, әрі мұп-мұздай. Оның Жеткерген деген баласы бар, бізден екі сынып жоғары оқиды. Ауылдастар оны «Жетен» дейді. Сондай жынды өзі. Қайда төбелес болса, сонда жүреді. Ауылдағы атаман сол. Ол үйде тағы бір қыз бар. Ол бізбен сыныптас. Қапелімде су таусылып қалса, осы үйдің құдығынан тасимын. Бірақ флягпен емес. Екі шелекті қолыма аламын да, бір әкеліп қоямын, оным түнге дейін жетеді.

Содан кейінгі кезек ақ самаурынға келеді, онда да ертеңгісін және кешкілік. Түскі шай әжемнің мойнында, өйткені мен сабақтамын ғой.

Ертеңгісін ерте тұрамын. Самаурынға су құйып, тамызыққа ағашты майдалап сындырып қоямын. Үстіне салатын сексеуілім бір бөлек. Сосын сағатқа қараймын. Әуелі самаурынның оттығына әбден жазылып біткен дәптерімнің бір екі беті ширатылып тұтанып түседі. Ол жана бергенде бір уыс тамызық ағаш, ол күш алғанда майда сексеуіл салынады. Бітті. Кернайын кигіземін. Шамалыдан соң аузынан қызыл жалын атып, самаурын ызылдап, ән сала бастайды. Бұл қайнаудың алдындағы сазды әуен. Осы бір әдемі әуенге беріле отырып тағы да неше түрлі ойға түсемін. Тағы да көз алдыма жеңешем көлбеңдеп тұрып алады.

Жеңеше деймін-ау, шынымды айтайын ба, шынымды айтсам, ол менің туған анам. Ақ төсін сәби қолыммен аймаламаған, қос емшегін емірене ембеген, ыстық құшағына енбеген, аналық мейірімін сезбеген анам. Онда да мен бүгін оның алдында кінәлі де, күнәлі болғандықтан, жазамды өтеу үшін бірінші рет оны «менің анам» деп аузыма алып отырмын. Әже, мен бейбақты кешіре гөр.

Анам менің алдымда екі ұл туған, яғни менің екі ағам болған. Олар бір-екі жасқа жетпей бірінің артынан бірі шетінеп кете берген. Әкем соғыстан жараланып ерте келген соң, үшінші болып мен туыппын. Сонда әжем: «Сенің құшағың құтты болмады ғой» деп мені туу бойына етегіне орап алып, өзі бауырына басыпты. Әжем сол кезде елуге бет бұрған егде әйел болған. Әжемнің де маған дегенде шын елжіреп, еміренгенінен болар, еме-еме кеуіп қалған қос емшегінен сүт шығарыппын. Содан ғой, әжем мені біреуге таныстырса: «Тас емшекті жібіткен Жұманым ғой» деп отыратын жарықтық. Менен кейін де жеңешем бір қыз туып еді, ол да бір жасқа жете шетінеп кетті. Сөйтіп бір үйде мен жалғыз өстім. Осылайша мен туғаннан әжемнің баласы болдым да, анамды «жеңеше», әкемді «көке» деп атап кеттім.

Менің шешемнің есімі Наушарибан болатын. Өзі шынашақтай нәзік, аққұба ажарлы жан еді. Сондықтан абысын-ажындары оны «Ажар» деп атайтын. Өйткені Науша деген атамыз болғандықтан, Наушарибан дейін десе аталарының аты аталатындықтан, именіп, жеңешемді әжемнен бастап біздің әулеттің барлық әйелдері өле-өлгенше «Ажар» деп атап кетті. Жеңешемнің маған қойған аты да қызық. Өйткені әжемнің баласы болғандықтан мен оның қайнысымын ғой. Кішкентайымда мені алдансын деп жеңешем алдыма шайдың шытырлақ немесе басқа қағаздарды беріп қояды екен де, мен оларды түте-түте майдалап, жыртып жан-жағымды дода-дода ғып өзімше ойнап отырады екенмін. Соны көрген жеңешем маған «Додан» деп ат қойыпты. Соған еріп бірқатар жеңешелерім де менің атымды атамай, «Додан» деп атап кетті. Менен тағы да айырылып қаламын ба деп құдайдан қорықты ма, әлде әжемнің маған деген шексіз ықыла­сынан именіп, наласына ұшырармын деген ибалығы ма, атымды атамақ түгілі, оңаша болса да балам деп бауырына басып, емірене бір иіскеген де емес еді…

Самаурын тасырлай қайнап, қақпағының астынан ыстық су бұрқырап төгіле бастады. Кеше он минутта қайнатып едім, бүгін жеңешемді ойлаймын деп кешіктіріп, он бес минутта қайнаттым.

– Әже, самаурын қайнады, – деймін айқайлап.

– Әкеле ғой…

Буы бұрқыраған шағын самаурынды әжем­нің алдындағы үлкен дөңгелек ақ под­ностың үстіне қойып, дастарқанның бір шетіне жайғастым. Әжем көңілсіз, үндемей шай құйып отыр. Мен оның арғы жағында, не айтарымды бімеймін. Тек анда-санда әжем «Ей, Алла» деп қояды. Бір Аллаға сы­йы­нудан басқа не шара. Тіл қатпасақ та, тілегіміз жеңешемнің тағдыры. Үндемесек те, ішіміздегі ойымыз соның үйге аман-сау оралуы. Бір-екі кесе шайымды іштім де, мектебіме бет алдым. Сыныпта жиналып жатырмыз. Маған дегенде бәрінің де жүздері сынық. Шамасы кешегі самолетпен алып кеткен менің жеңешем екенін білген ғой, көз қарастарында маған деген бір аяушылық бар.

– Кешегі самолет сенің мамаңа келген екен ғой, – деді парталас отыратын Жаңатай жаныма жақындай беріп.

– Иә, жеңешеме келіпті, білмей қалдық қой.

– Аралда атақты дәрігерлер көп қой. Жақсы болып кетер.

Мен басымды изедім. Артық ауыз сөз айтуға құлқым жоқ. Сабақ басталды.

Ауылдың ауруханасында бір апта жатқан жеңешемнің Аралға кеткеніне де үш күндей болды. Хабарласатын телефон жоқ. Тек пош­тада бар, бірақ қайда, кімге телефон шаламыз, ол жағы бізге шешуі қиын жұмбақ. Көкем жұмыс бабымен ел аралап кеткен. Үйден бір шықса, екі-үш күн, кейде апталап жүріп алатыны бар. Оның жұмысы да сондай. Аудандық мал өнімдерін дайындау конторында жұмыс істейтіндіктен, ауылдық кеңестің тапсырмасына сәйкес халықтан май жинайтын. Содан ғой келіндерінің көбі оны «Майшы қайнаға» деп атайтын. Көкемнің келетін күні де жақындаған. Оқу жылының соңғы күндері өтіп жатқан. Мектептен аулаға кіргенім сол, үйден ауылдың ақсақалдары Шора, Алмағамбет, көрші Төлеу де бар, даурығыса шығып келе жатыр екен. «Ассалаумалейкум» деп шетінен қолдарынан алып сәлем беріп шықтым.

– Әлейкумассалам, әй Жұманжанбысың, бақытты бол! Жігіт боп қалыпсың ғой. Алла алдынан жарылқасын, әжеңе бара ғой, – деп басымнан сипап жатыр.

Бір қауіпті сезгендей тұла-бойым түрші­гіп кетті. Не болғанымды білмеймін. Үйге кіріп келсем, ауызғы бөлме көрші әйелдерге лық толы. Ортасында алау-далау болып аңырап әжем отыр.

– Ажарым-ай, Ажарым-ай, не қылайын, не істейін, қыршын кеттің-ау! Қоштаса да алмай қалдым-ау…

Мені көргенде әйелдер сап тиылып, «Ой, айналайын келдің бе? Бар, бар, әжеңе бар» деп ығысып жол ашты.

Манағы манағы ма, әжем мені көргеннен құшағын аша ұмтылып, бауырына басып, тұншыққан көмейі ашылып:

– Жұманжаным-ай, не дейін саған. Тіле­уімізді Алла бермеді ғой. Ажарымнан, жеңе­шеңнен айырылып қалдық қой. Бұл құдайға соншама не жазып едік. Ажарым-ай, жалғы­зыңның қызығын да көре алмай кеттің-ау! Екі дүниеде де ризамын саған, – деп аруанадай боздаған әжемнің құшағынан әйелдер қауымы «Апа, сабыр ет, сабыр ет» деп әзер ажыратып алды. Әжем де есті адам ғой, өзге әйелдердей қайғыны көтере алмай шашын жұлып, басын ұрып, омырауын осқылап жатқан жоқ. «Сабыр етемін ғой, айналайындар, Аллаға көнгеннен басқа не шара бар» деп шамалы басылғандай болды.

Екі көзім жасқа тола әжемнің қарысып қалған құшағынан шаққан босап, сыртқа шықтым. Ескіұрадан Самырат көкем мен Торғай жеңешем де келіп жатыр екен. Мені көргеннен ауланың іші зарлы да шерлі әуенге толып кетті. Қайғылы хабарды естіп жан-жақтан келіп жатқан ауылдастарда есеп жоқ. Мені көрген жанның бәрі бауырына басып, көздерінің жасын бір сығып алады. Бір кезде көкемді көрдім. Ақ жакетінің алды ашылып кетіпті, алыптай адымдап келеді. «Ассалау…» деп қолымды ұсынғаным сол, білегімнен тартып алып бауырына басып: «Не болды, балам, не болды?» дей берді. Өмірімде көкемнің мені құшақтағаны осы. Жанарынан жасы төгіліп, жарылуға шақ тұрған жанар таудай тау тұлғасы теңселіп тұр. Аула да, үй де азан-қазан. Аңыраған дауыс, төгілген жас, күңіренген күйік шер…

Мең-зең қалпымда ауладан далаға шық­тым. Бір кезде тағы да самолет дауысы естілді. Жаңа жылау-сықтаудан байқама­ғанмын ғой, қонған сияқты. Ұзамай өткендегі жедел жәрдем машинасы келіп, ақ халатты дәрігерлер үстін ақ матамен жапқан зембілді көтеріп келе жатты. Аулаға кіргені сол еді, аңыраған зарлы дауыстар біріне бірі ұласып, тіптен аспандап кетті. «Мына жатқан менің жеңешем бе? Шынымен менің анам ба?» деймін ішімнен. Не деген антыңа адал жан едің. Балам деп бір рет те болса бауырыңа басып, бетімнен емірене сүйіп те көрмедің. Тіпті атымды да атамай кеттің-ау, әжемнен әбессініп. Сен емес, қайдағы самолетке бола барғанымда, сыртымнан көрген де шығарсың, соңғы рет. Менің аңғал сол бейнем көз алдыңнан кетпеген де шығар. Шыбын жаның құйттай кеудеңе сыймай, жанталасып жатқанда мені ойлаған да шығарсың. Жүрегіңнің ешбір адам ашып көрмеген алтын сандығында талай жыл сақталған маған деген бір айтар аналық тілегің болған да шығар. Бірақ ол айтылмай, өзіңмен бірге кетті-ау, арманда кеткен жан жеңешем.

Әне, мендегі жағдайды естіп сыныптас достарым Әйтеке, Оңғарбай, Жаңатай, Сайлаубай, Жеңістер келе жатыр. Самолеттің гүрілі қайта естіліп, көкке көтерілгендей. Иә, баяғы жеңешемді алып кеткен самолет, біз қызықтаған, жарыса қуған самолет. Енді ол бір әулетті, бір ауылды азан-қазан жылатып, бізден қашып, безіп бара жатқандай, ақша бұлттарға жасырынып, жылыстап ұзап барады. Сол самолет, көзімді тарс жұмып алдым, көргім келмейді. Құлағымды тарс жауып алдым, дауысын естігім келмейді. Иә, сол, сол самолет!..

Жұмабай ЖАҚЫП