Бүгін Ақай ауылдық клубында жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру және оның қоғам үшін маңызын талқылау мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары және аумақтық коалиция өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесті.
Іс-шараға Жалпыұлттық коалиция мүшелері, Сенат депутаттары Әли Бектаев, Ольга Булавкина, Ернұр Айткенов, Сұлтан Дүйсембинов, Закиржан Кузиев, Жанболат Жөргенбаев, Арман Өтеғұлов, сондай-ақ аумақтық коалиция төрағасы Әділ Қошалақов және өкілдері Еркін Рзалиев, Ғалымжан Ақжігітов, Мақсат Есбенбетов, Сейіл Жұмадьяров, Бақытбек Кеңесов, Шыңғысхан Алпысбаев пен Азамат Ердаулетов қатысты.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік және экономикалық қолжетімділікті кеңейту, ауыл шаруашылығын қолдау, фермерлер мен агроөнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту, жергілікті өндірісті нығайту, табиғи ресурстарды экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып тиімді пайдалану, сондай-ақ тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Жаңа Конституция жобасы ауылдық аумақтарды дамыту арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды жаңартуға және әлеуметтік-экономикалық қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Аграрлық саясат ауыл шаруашылығын қолдау мен жергілікті өндірісті нығайтуды қамтиды. Табиғи ресурстар жауапкершілікпен әрі тиімді пайдаланылуы тиіс. Ауыл тұрғындарының қоғамдық шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту – басты басымдықтардың бірі», – деді депутат Әли Бектаев.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының ел болашағына ықпалы, әлеуметтік сала мен өңірлік дамуға әсері кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында Ақай ауылының ақсақалы Жақсылық Қыпшақбайұлы Конституция жобасы – уақыт талабынан туған құжат. Қоғам мен заман өзгерген сайын заң да халықтың сұранысына сай жаңаруы заңдылық екенін айтты.
Еңбек ардагері Қазбек Күншығаров Заң үстемдігі орнаған жерде ғана тұрақтылық пен даму болатындығын тілге тиек етіп, бұл құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді деген сенім білдірді.
Аумақтық коалиция төрағасы Әділ Қошалақов конституциялық реформалардың басты мақсаты – әділетті, ашық әрі халық мүддесіне қызмет ететін мемлекет қалыптастыру екенін айтып, әр азаматтың маңызды шешімдер қабылдауға қатысуы азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін жеткізді.






