Сыр өңірі журналистерінен құралған «Ақмешіт» командасы тағы бір жарыстан олжалы оралды. Олар Жетісу облысының орталығы –Талдықорған қаласында өткен қарымды қаламгер Бейсен Құранбекті еске алуға арналған шағын футболдан республикалық турнирде үздік үштіктен көрінді.
Дүбірлі дода дәстүрге айналып, биыл бесінші мәрте жалауын көтерді. Оған еліміздің әр өңірінен сегіз команда қатысып, алдымен топтық кезеңде шеберлік байқасты. Қызылордалық журналистер алғашқы ойында «Атыраумен» кездесіп, олардың қақпасына жауапсыз екі гол соғып кетті. Одан кейін жанкүйерлер Бейсен Құранбектің ізбасарларынан құралған «Қарекет» командасымен тартысты кездесудің куәсі болып, қарсыластар 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ал Тараз, Шымкент, Түркістан қаласынан келген журналистерден жасақталған Оңтүстік құрамасы біздің жігіттерге қарсы тұра алған жоқ, 1:5 есебімен ойсырай жеңілді.
Жартылай финал елордалық «Beksport» командасымен кездескен «Ақмешіт» негізгі кезеңде 0:0 есебіне қанағат білдірді. Бұл жолы пенальти сериясында қарсыласына жол берген жерлестеріміз енді қола жүлде үшін сайысқа түсетін болды. Аталған ойында қарсыласын 3:2 есебімен қапы қалдырған олар осылайша үздік үштіктен көрінді.
– Биыл командамыз сәтті ойын көрсетті деп айтуға толық негіз бар. Алдымен белгілі журналист Амангелді Сейітхан атындағы республикалық турнирде чемпиондық атаққа қол жеткіздік. Бір айдай бұрын елордада өткен «Majilis Cup» турнирінде тағы бір мәрте жеңіс тұғырынан көріндік. Талдықорғандағы турнир бес жыл бойы жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Сол жарыстарға баруға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқан облыс әкімдігі мен мәслихатқа, белгілі кәсіпкер Ерлан Райымовқа, «Biali» спорттық дүкендер желісінің құрылтайшысы Асхат Шәукенбаевқа айрықша алғысымызды білдіреміз, – дейді команда капитаны Әділбек Жақанов.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





