Ақсуатта жасалған

6

0

Кейінгі жылдары қызылордалық Сәрсенкүл Аралбаева шұлық цехын ашып, кәсібін жандандырып келеді. Жақында кәсіпкермен хабарласып, цехқа барып қайтқан болатынбыз.

Кәсіптің сан түрі бар. Бірақ біздің өңірде шұлық тігуді алғашқылардың бірі – «Аралбаева» жеке кәсіпкерлігі. Қазір бұл тауарлар еліміздің барлық аймағына таралған. Сапасы әлдеқайда жоғары. Цех бас­шысы жұмыстың ілгерілегенін, тапсырыстың арт­қанын айтты. Мұнда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Алдымен кәсіптің қалай басталғанына тоқтала кетейін. Ауылдық әкімдік қызметкерлері үй-үйді жағалап, мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, іс бастауға болатынын хабардар етіп жүрді. Біз мал шаруашылығына тоқталдық. Бірақ мамандар өзге кәсіп таңдауға кеңес берді. Балам шұлық өндірсек деген ой салды. Отбасылық кәсіпті жолдасым екеуміз қолдадық. Жобамызды жан-жақты зерттеп, ұсындық. Сәтті қорғап, қолдау таптық. Осылайша 2023 жылы цех іске қосылды. Мемлекеттен 2,5 пайызбен несие алдық. Сол жылы шұлық өндіруге арналған құрылғыны Қытайдан әкелдік. Біреуін, одан кейінгі жылы екі техника қостық. Қазір 5-еу. Қосымша құрылғыны алу үшін өңір кәсіпкерлерінің жобаларын жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ететін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының қызметіне жүгініп, 6 пайыздық несие алдық, – дейді кәсіпкер.

Өзге облыстарда шұлық шығаратын ірілі-ұсақты цехтар бар. Олар тәжірибе алмасу үшін басқалардың жұмысын көрді. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, ақыры іске кірісіп кетті.

– Кез келген кәсіпті қолға алған кезде қиындық болары анық. Бір жылдай үйренісе алмадық. Неге бастадық деген ой да келді. Жолдасым бір жыл сынап көрейік, болмаса тоқтатамыз деген шешім шығарды. Бірақ уақыт өте келе, ісіміз алға жылжып дамыды. Өндірісті көруге министрліктен, облыс, қала әкімдік­терінен жауапты мамандар келіп қандай көмек қажет екенін сұрап, қолдау білдірді. Соның арқасында мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қаражатқа қол жеткіздік. Құрал-жабдығын түген­дедік. Ең бірінші кезде күніне 30-40 шұлық  шығарсақ, қазір 600-ден асты. Цех шағын болатын. Оны да кеңейттік, – дейді Сәрсенкүл Аралбаева.

Цех шағын болғанымен жұмыс қайнап жатыр. Төрт тоқыма машинасы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Біреуі жөндеуден өтуде. Жан-жағында түрлі-түсті жіптер. Екі-үш минутта бір шұлық дайын болды. Қосымша тағы бір құрылғы бар. Онда жұмысшыға арналған қолғап тоқылады.

– Автоматты құрылғылардың әрқай­сының құны – 5-6 миллион теңге шамасында. Олар берілген бағдар­ламаны жадына сақтап қалады. Сол бойынша шұлық тоқиды. Бағдарламада тығыздығы, өлшемі, қанша дана болу керектігі жа­зы­лады. Таңертең 9-да қосылған машина түнгі 1-2-де сөн­дірі­леді. Себебі ұзақ қо­сылуы тиіс. Аптасына бір рет ғана демаламыз. Екі-үш күн немесе бір ай қосылмаса, блокқа тү­сіп қалады. Бұл – құрыл­ғының мүм­кін­дігі көп әрі тиімді. Мәселен, бір құрыл­ғыда 400 ине болса, 200-200-ден бір-біріне қарсы айналып тұрады.  Мұны сатып алған кезде  арнайы маман алдырып, балам тілін меңгеріп алды. Қазір осы құрылғыны үйренушілер бізге келіп қыр-сырын сұрайды. Оларға балам жұмыс процесін көрсетеді. Жалпы айына 15 мың дана шұлық өндіріледі. Кейде одан да көп. Мысалы өткенде Астана қаласында өткен жәрмеңкеге қатыстық. Екі күнде 10 мың дана шұлық саттық. Бір алғандар келесі күні қайта айналып келді. Тұрғындар сапасына, бағасына дән риза болды, –дейді ол.

Шұлықтың құрамы 88 пайыз мақта жіп, 9 пайыз эластан және 3 пайыз спандекстен тұрады. Жіпті Өзбек­станнан алдырады. Жылдың барлық мезгіліне арналған шұлық тоқылады. Тұтынушының талғамын да ескеріп, өрнектейді. Ұзын, қысқа қоныш етіп те жасайды.

Ақсуатта жасалған

Шағын цехтың жұмысын көргеннен кейін келесі цехқа бардық. Айтпақшы бірінші цехта шұлықтың басы тігілмей, ашық күйінде келеді. Оны арнайы құрылғы арқылы тігіп, үтіктеуге жіберіледі. Үтік те соңғы технология, 40-50 градуста қыздырады. Одан әрі жапсырмасы қойылып, дайын қорап­тарға салынады. Кәсіпкер жапсырманы да өзі шығарады, онда шұлықтың құрамы, өлшемі, «Ақсуат» деген сауда белгісін және өндірушіні көрсетеді.

– Сату жағына келер болсақ, «Сұлтан» сауда үйінде дүкеніміз бар. Үйден де алады, дүкендерге өткіземіз. Жеткізу қызметі қарастырылған. Былтыр қараша айынан бастап Каспий дүкені арқылы саудалауды қолға алдық. Сондай-ақ әлеуметтік желінің де көмегі көп. Поштамен де жөнелтеміз. Бастысы, көпшілік бағаның тиімділі­гі­не қызығады. Қалтаға қонымды екенін айтады. Сапасы да көңілден шығады. Базар бағасынан әлдеқайда төмен. Мәселен, балалар мен жасөспірімдер шұлығы 150 теңге, ересектердікі 200-250 теңге аралығында. Бұл – стандарт баға. Егер де көтерме бағамен алса, онда тағы да құны арзандайды, – дейді  жауапты маман.

Кәсіпкер шаруасын ширату үшін әлі де тың жобаларын жүзеге асыруды көздейді. Ауладағы бос жерге жаңа әрі кең екі қабатты ғимарат салмақ. Бірінші қабатында цех болса, екінші қабатында киім тігеді. Қазірден тігін машинасын жинауға кірісіпті. Қолғап, шұлықтан бөлек, көрпе, жастықтыс пен жапқыш­тар тігеді. Осылайша балабақша, ауру­ханалардан тапсырыс алуды ойлас­тыруда. Баласы тұт ағашын егіп, жіпті өзі өндірмек. Мұның бәрі де – алдағы уақытта жүзеге асатын бастамалар. Ал дәл қазіргі уақытта жергілікті ірі сауда сөрелерінде Ақсуаттың шұлығы тұрса деген ниеті бар.

– Бұл ұсынысымызды қала әкімдігі мен тиісті сала мамандарына айтқан едік. Сауда желісінің иелерімен кездесу ұйымдастырып, ойымызды жеткіздік. Олар келісім берді. Өздері хабар бере­міз деген. Әлі де күтіп жүрміз. Жағым­ды жаңалық болса бөлісемін. Өнімге сұраныс бар. Әйтсе де кәсіп­керлер шұлықты сырттан тасымал­дайды. Біз шығаратын өнім сапасы шетелдік тауардан кем түспейді. Бастысы, кәсіпкерлер мен тұтыну­шылар отандық өнімге назар аударса игі, – дейді ол.

Цехта қаншама қорап шұлық дайын тұр. Өйткені жақында жәрмеңкелер мен жергілікті тауар өндірушілердің көр­месіне қатысады.

 Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»