Ақтауда Ресейдің бас консулдығы ашылады

725

0

Фото: Kazinform

Таяу уақытта Ақтауда Ресейдің бас консулдығы ашылады. Бұл туралы Ақордада Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен шағын құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Форумның ашылуына тауар айналымының артуына қатысты нақты цифрлар келтірдік. Соңғы 3 жылда тауар айналымы 30 пайыздан астамға артты. Осынау оң тенденция жалғасып келеді. Осы жылдың 8 айының қорытындысында өзара тауар айналымы 17 млрд долларға жетті. Бұл да рекордтық көрсеткіш саналады. Өнеркәсіптік кооперация қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіптік кооперация саласында 33 млрд доллардан астам сомаға 143 жоба жүзеге асырылу сатысында. Оның ішінде 140 жоба Қазақстан аумағында жүзеге асырылып жатыр. Ресей – Қазақстандағы шетелдік капитал бар кәсіпорындар саны бойынша сөзсіз көшбасшы. Елімізде 20 мыңнан астам ресейлік компания тіркелген. Біздің бағалауымызша, Ресейден тікелей инвестиция 20 млрд доллардан асып түсті. Ал Қазақстанның инвестиция көлемі 6 млрд долларға жетті», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ресей газын Қазақстан жері арқылы Қытайға және Өзбекстанға тасымалдау екі елдің энергетика саласындағы өзара іс-қимылын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.

Сонымен қатар екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың кеңейіп келе жатқанына тоқталды.

«Биыл Ресей аумағындағы Қазақстанның өкілдік желісі Екатеринбургтағы бас консульдықпен толықты. Қазақстанның бас консульдығы Санкт-Петербургта ашылды, Қазанда, Астраханда, Омбыда табысты жұмыс істеп тұр. Таяу уақытта Ақтауда бас консульдық ашу жоспарланған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<