Кеше аудандағы «Ақтерек» тынығу лагерінің бірінші маусымы салтанатты түрде ашылды. Лагерьдің ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов оқушылардың көтеріңкі-көңіл күймен демалуларына өз тілектестігін білдіріп, лагерь жұмысына сәттілік тіледі.
«Сіздерді «Ақтерек» сауықтыру лагерінің жаңа маусымының ашылауымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер үшін әрбіріңіздің асыға күтетін жазғы демалыстың орны бөлек. Бұл жерде демалушыларға барлық жағдайлар жасалған. Осынау дәстүрлі қалыптасқан мерекеге қатысушыларға көтеріңкі көңіл, шалқар шабыт тілеймін.
Лагерь базасында сіздер үшін аудандық оқушылар үйінің үйірмелері жұмыс істейді, мәдениет және спорт бөлімінің спортшылары мен өнерпаздары арнайы бағдарламалары арқылы демалыстарыңыз сәтті, көңілді өтетін болады. Лагерьде жаңа достар тауып, ауызбіршілік пен ынтымақтың ұйытқысы бола біліңіздер. Дендерің сау, оқуда озат болыңыздар! Лагерь қабырғасындағы демалыс күндеріңді есте қаларлықтай өткізіп, келесі жаңа оқу жылына тамаша көңіл-күймен оралуға тілектеспін!», – деп аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов.
Ашылу салтанатында жиылған жұртшылық, лагерь тынығушылары бүлдіршіндердің қойылымдарын тамашалап, түрлі ойындар ойнады. Сондай-ақ жас өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұралған билерімен көрермендердің қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, биыл «Ақтерек» лагерінде 6 ауысымда 442 бала демалатын болады. Оның ішінде, 402 бала міндетті оқу қоры есебінен, 40 бала кәсіподақ есебінен демалады. Ауысым ұзақтығы 10 күн.
Жазғы тынығу лагерінде балаларға түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып, демалыс уақытын тиімді әрі көңілді өткізуіне жағдай жасалады. Балалар үшін үйірмелер жұмыс жасап, денсаулықтары тұрақты түрде бақылауда болады.
Жалағаш ауданының қоғамдық даму бөлімі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<