Ақтөбе облысында учаскелік полицей қарт ананы балаларымен қауыштырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Қосестек ауылында учаскелік полиция инспекторы Айболат Бекнияз ауылға көшіп келген сырқат қарияны көрген. 72 жастағы Людмила Скрипниктің ешбір жақыны, еш құжаттары болмаған.
Учаскелік полиция инспекторы қарт әйелдің құжаттарын рәсімдеуге көмектесу үшін сұраулар жібере бастаған. Осылайша мұрағаттан 30 жылдан астам уақыт бұрынғы құжатты тапқан.
Құжатта Людмила Скрипниктің 3 баласы (1 ұл, 2 қыз) бар екені белгілі болды.
“Телефон тұтқасын көтерген әйел адамнан “Людмила Скрипникті танисыз ба?” деп сұрағанымда, ол қатты толқып кетті. Ол өзінің көп жыл бұрын жоғалтқан анасы екенін айтты. Мән-жайды түсіндіріп бердім. Ол қарияның 3 баласы да аман-сау, өз отбасыларымен Павлодарда тұрып жатқанын, анасын көп жылдан бері іздеп жүргенін айтты. Қызы анасымен дереу сөйлестіруді өтінді”, – деді Айболат Бекнияз.
Полицей қарияның үйіне барып, видеобайланыс арқылы балаларымен сөйлестірген. Балалары әжені жеткізуді сұраған. Алайда полицей оның алыс жолға денсаулығының жарамайтынына алаңдап, ауыл дәрігерімен бірге қарияны бір айдай емдеген.
Сәуірде полицей денсаулығы реттелген Людмила Скрипникті таксиге отырғызып, Павлодарға қарай жөнелткен. Осылайша әже балаларымен табысты.
“Менің қайғыма бейжай қарамай, көмек қолын созған жалғыз адам – Айболат болды. Соңына дейін бірге болып, балаларымды тауып берген Айболатқа алғысым шексіз. Осындай мейірімді жандар көбейе берсе екен”, — дейді қария.
30 жыл бұрын Людмила Скрипниктің басына ауыр іс түсіп, балаларынан ажыраған. Үш баласы алыс туыстарының үйінде тәрбиеленген. Кейін сырқаттанған анасы басқа елде өмір сүріп, перзенттерін есіне түсіре алмағандықтан, іздеп таба алмаған.
“Жалғызбасты қарияның отбасы табылғанына өзім де қатты қуандым. Тағдыр талқысына түсіп, талай қиындық көрсе де сынбаған, бүгінде аяқтарына нық тұрып, бір-бір отбасы болып отырған қайсар, мейірімді балаларын көріп қатты риза болдым”, — дейді Қосестек ауылының учаскелік инспекторы Айболат Мұратұлы.






