Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен 504 отбасы 369 мың теңгеден біржолғы көмек алды

367

0

Фото: Жанкелді Қаржан/Kazinform

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 504 отбасына 163 млн теңге әлеуметтік төлем берілді. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев айтты.

«Қазіргі уақытта Ақтөбе су қоймасының нақты толу көлемі — 240 млн текше метр немесе 98 пайыз. Бүгін таңертеңгі сағат 10:00–де судың келуі секундына 9,3 текше метр болды. Ал суды ағызу көлемі — секундына 30 текше метр. Қарғалы су қоймасында 269 млн текше метр су бар немесе 96 пайызға толды. Келіп жатқан су көлемі — секундына 69 текше метр, ағызу көлемі — секундына 30 текше метр. Су қоймаларындағы ахуал тұрақты әрі қатер жоқ. Дегенмен, Ырғыз ауданындағы Торғай өзені бақылауда тұр. Өзен арнасына Нұра мен Мамыр елді елді мекендері тақау орналасқан. Бұл өзен бастауын Қостанай облысынан алады. Жедел штаб дамбаны нығайту үшін ол жаққа қосымша 8 техника және 3 мың құм салатын қап жіберу туралы шешім қабылдады», — деді ол орталық коммуникациялар қызметіндгі брифингте.

Әкім орынбасарының дерегінше, біржолғы әлеуметтік төлемге қатысты 1 026 құжат қабылданды.

Оның ішінде 504 отбасына 163 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем берілді.

Қалған 522 отбасының құжаттары қаралып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

«Су тасқынынан зардап шеккендердің тұрғын үйлерін бағалау жұмыстарының бастапқы қорытындылары алынуда. Осыған орай, аудандарда тұрғындарға төлемдер жасау жұмыстары басталды», – деді Асылбек Есенбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<