Ақтөбеде малға қасқыр шапты

46

0

Фото: pixabay.com

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында шаруа қожалығындағы малға қасқыр шапты.

Үш бас қойды жарып, 50 шақты қой бір-бірін таптап тастады.

Шаруа қожалығы Мәртөк ауданы Байнассай ауылдық округінің территориясында орналасқанымен, Тәңірберген ауылдық округіне тіркелген.

— Алғашында 100-ден астам деп есептелген. Бірақ әлжуаз қойлар тіріліп жатыр. Демалыстың алдында иесімен кездестім. Иесі қатты шығын жоқ екенін, асырып тіркеп жібергенін мойындады. 50-60-тан астам қой жайлап қайта тұрып жатыр деп айтты. Қойлар әлжуаз болған, құлаған. Қасқыр бойынша ақпаратты алмадым. Бұған дейін тіркелмеген соң білмедім. Малдың иесі қандай да бір талап қоймады. Көмектесу жайын сұрағаны рас. Дегенмен мал шаруашылығында сақтандыру дамымаған, жоқ десе де болады. Тек kezekte.kz бар. Оны енді үйретіп жатырмыз. Бұл үлкен мәселе. Шаруа қожалығының бәрі тіркеле қоймайды, — деді Тәңірберген ауылдың округінің әкімі Медет Бекжанов.

Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қасқырдың 3 бас қойды жарып кеткені туралы ақпарат тіркелген. Шаруа қожалығының иесі қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ол тек өлген малды санамағанын, мұндай проблемалармен шаруалар өздері жалғыз қалғанын хабарлады.

— Ақпарат бергім келмейді. Маған одан еш пайда жоқ. Артық әңгіме керек емес. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр өзімде. Бірақ ауданның бірнеше ауылында «өлтіріп кетті» деп айтып жатады, — деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырау облысында шаруа қожалығының жұмысшысына қасқыр шауып, қолын тістеп алған. Ер адам қолынан жарақаттанған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<