Оқиға сенбі күні болды. Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов өз үйінде өз-өзіне қол жұмсаған.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов та оқиғаны растады.
— Мұндай оқиға болғаны рас. Қазіргі таңда жан-жақты қаралып, тергеу жүріп жатыр. Балалары бар, — деді аудан әкімі.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, оқиға сенбі күні кешкілік тіркелді. Ол сол күні жолдастарымен қонақта болды.
Айта кетейік, Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов 2024 жылы сайланды.
Еске салсақ, биыл 7 шілде күні Бестамақ ауылдық округінің әкімі өз-өзіне қол жұмсамақ болды.Сол кезде облыстық полиция департаменті өз-өзіне қол жұмсауға оқталу дерегі бойынша сот алды тергеуді бастады.
Аудан әкімідігі бәрі де кезекті еңбек демалысына шыққан кезде болғанын хабарлады. Қол жұмсаған ауыл әкімінің ісі қысқартылды.
Бестамақ ауылының әкімі ауруханадан шыққан соң жұмысқа қайта қосылды.






