Құтқарушылар Ақтөбедегі жанып жатқан әкімдік ғимаратының шатырынан Қазақстанның туын алып түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алапат өртті сөндіріп, жалынды оқшаулау кезінде құтқарушылар шатырға көтеріліп, мемлекеттік туды түсіріп, оның зақымдануының алын алды.
“Қауіпті жағдай мен тілсіз жаумен күрес кезінде де құтқарушылар елдің абыройы мен оның рәміздері әрдайым құрметке лайық екенін дәлелдеді”, – деп жазды еліміздің Төтенше жағдай министрлігі.
Желі қолданушылар өрт сөндірушілерінің ерен еңбегін атап өтіп, көзсіз ерлігі үшін мақтауын асырды.
“Өмірлерін шүберекке түйіп, қай мезгіл, қай уақытта болмасын өз міндеттерін тиянақты атқаратын осы азаматтар”, “Расында да, өрт сөндіруші мамандығы – тек батыл әрі қайсар жандар үшін! Алла оларға денсаулық, сәттілік және әрқашан амандық берсін”, “Өз басын қатерге тіккен құтқарушыларға мың алғыс”, “Тілсіз жау-өртпен арпалысып жүрген қызметкерлердің айлығын көтеру керек”, “Жарайсыңдар, жігіттер”, – деп жарыса жаззды желідегілер.
Еске салайық, Ақтөбеде 6 қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры өртенген еді. Өрт толық сөндірілді. Төтенше жағдай кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.






