Арал ауданында Қамбаш және Ақшатау көлдеріне су келді

1093

0

Арал ауданында қуаңшылыққа қарсы шаралар нәтижесінде 30 жыл бойы су келмеген көлдер толды. Оның үстіне жауын-шашын да мол болып, жер көкке оранды. Мамыр айының өзінде жусанның биіктігі 25 сантиметрге жетті.

Табиғаттың мұндай сыйын соңғы 5-6 жылда байқамадық, дейді тұрғындар. Жалпы ұзақ жыл көзге түспеген өсімдік түрлері де бой көрсетіпті.

Өткен ғасырдың 60-жылдары Арал маңын қуаңшылық жайлаған, дейді көнекөздер. Сол жұт былтыр қайталанып, жаппай мал қырылды. Дегенмен, қыста қар мол түсті. Көктемгі жауын да жаман болмаған. Нәрленген жер, әрленіп шыға келді. Біраздан бері бой көрсетпегесі, жергілікті жұрт атын ұмыта бастаған өсімдіктер ерте көктемнен-ақ гүлдепті.

Хамит Қаниев, «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының директоры: – Биыл өте жақсы деп айтуға болады. 22 сантиметрге дейін жусан өсті. Мысалы, шағыр, тағы да өсімдіктер бар. Мортық деген шөптеріміз бар. Өзімізге тән. Негізгі Арал өңірі бойынша 350 жуық өсімдіктің түрі бар.

Өткен жылы мына жерлер қу тақырға айналып, мал жемейтін ащы шөптен басқа ештеңе шықпай қалған еді. Биыл төрт түлікке тез қоң беретін қоңырбас шөбінен бастап, жусан, жоңышқа, тіпті жабайы жуа мен саңырауқұлақта қаулап өсті.

Демек, алдағы 4-5 жылда мал азығынан тапшылық көрмейміз, дейді шаруалар. Ауданда биыл 15 жер асты су көзінің ұңғымасын қазу жоспарланған.

Бүгінге дейін төртеуінен су шығып тұр. Соның бірі Жақсықылыш ауылына жақын жерден іске қосылды. Тұщы су 160 метр тереңдіктен шықты.

Жаңаберген Ағыбаев, шаруа қожалығының иесі:

– Мал қазір жақсы, күйлі мал. Мал келеді де мына суды ішіп, қуанғаны сондай, суды ішеді де бірден өріске кетіп қалады. Қайтадан келеді, қайтадан ішеді. Кәдімгідей бала сияқты қуанып жүр ғой мал. Оның бер жағында биыл шықпаған шөп шықты ғой, жусан, изен, тіпті, бала кезімізде жейтін көсік шықты.

Былтыр жағалаудан жүздеген метр алыстап кеткен Қамбаш көлі де кемеріне келді. Демалыс жағажайындағы кіші құрылыстар қирап жатса да, жұрт бөркін аспанға атты. Расында, шөлдегі көлдің оралуы аралдықтардың тіршілік тінін түзеді.

Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:

– Тіптен 30 жылдан бері су бармаған жерлердің барлығына мынау Қамбаш көлдер жүйесі, Ақшатау көлдер жүйесі барлығы толықтай толып жатыр. Артық суымыздың барлығы теңізге қарай түсіп жатыр.

Арал табиғаты түлеп салса да қуаңшылықтан сабақ алған шаруалар «сақтықта қорлық жоқ» деген тәмсілге салып, биыл 500 гектар мал азығын егіп алуға бел байлап отыр. Бұл теңізді өлке үшін тың бастама.

24 Хабар

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<