Бүгін басқарма басшысы Мөлдір Сұлтанбекқызы «Хабар» агенттігі арнасына берген сұхбатында Арал ауданында жүзеге асырылып жатқан «Qazaq Camel» серіктестігінің түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру жобасы туралы кеңінен баяндады.
Жобаның жалпы құны 3 млрд теңгені құрайды. Жылына 392 тонна өнім өндіру жоспарланған. Жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген. Мемлекеттік қолдау аясында индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі бөлінді.
Сонымен қатар, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы Қытай Халық Республикасынан қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алуға 1,8 млрд теңге қаржы қарастырылған. Өнімді өткізу бойынша оффтейк-келісімшарт жасалып, алдағы 10 жыл ішінде өнім толықтай Қытай нарығына экспортталатын болады.
Жобаның әлеуметтік маңызы зор. Арал өңірінде шамамен 23 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда негізгі өндірістік ғимараттардың құрылысы аяқталып, технологиялық қондырғыларды монтаждау жұмыстары толық жүргізілді. Кәсіпорын жақын арада іске қосылады.
Айта кету керек, елімізде түйе сүтін өңдейтін кәсіпорындар бар болғанымен, өнеркәсіптік деңгейде құрғақ ұнтақ өндіретін зауыттар өте аз. Сондықтан бұл жоба өз саласы бойынша бірегей бастамалардың бірі болып табылады.
Зауыттың Арал ауданында орналасуы өңірдегі түйе шаруашылығын дамытуға, шикізатты жергілікті ауылдардан жеткізуге, логистикалық тиімділікті арттыруға және ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, жобаның табысты іске асуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың тұрақты табыс табуына, экспорттық әлеуеттің артуына, өңдеу өнеркәсібінің дамуына және бюджетке түсетін салық түсімдерінің ұлғаюына оң әсер етеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.






