Арал өңірінің айнасы

101

0

Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп анықтама берген баспасөз қай кезде де маңызын жойған емес. Халық пен билік арасындағы алтын көпір рөлін абыроймен атқарып келе жатқан Арал өңірінің айнасы – аудандық «Толқын» газетінің жарыққа шыққанына биыл 95 жыл толып отыр. Мерейтой аясында аудандық мәдениет үйінде рухани мазмұны терең салтанатты мерекелік шара өтті. Оған қатысушылар алдымен газет тарихынан сыр шертетін көрмемен танысты.

Мерекелік кешке аудан әкімі Аман­жол Оңғарбаев қатысып, ба­сы­лымның тарихына тоқталып, ел өмі­ріндегі ай­рықша рөлін атап өтті.

– Халықтың үні мен құлағы бол­ған үнжария әуелде «Екпінді балық­шы» аталып, алғашқы санына филология ғылымдарының докторы, профессор Әуел­бек Қоңыратбаев қол қойғаны та­рихтан белгілі. Биыл айтулы қалам­гердің 120 жылдық мерейтойы қатар тойлануда. Газет қай кезде де өз ба­ғытынан айнымай елдің тәрбие құра­лына айналды. Атағы жаһанға таныс Аралдың әр перзентін елін сүюге баулып, көптеген сала мақтаныштарын халыққа паш етті. Араға жылдар са­лып, «Социалистік Арал», артынша «Толқын» болып тулаған басылым та­лай таланттың екінші тынысын аш­ты, жас буынды тәрбиелеудің көркем үлгісін көрсетті. Бүгінде ақсақалдық жастың асуына иек артқан аудан шежіресі үлкен-кішінің рухани қол­даушысы бола беретіні анық. Әрдайым осы биіктен көрініп, бейнелі сөзбен әдебиет көгінде жарқырай берсін! – деді аудан басшысы.

Кеш барысында газеттің алғашқы редакторы, профессор Әуелбек Қо­ңы­ратбаевтың ұлы, филология ғы­лым­­дарының докторы, профессор Ты­­нысбек Әуелбекұлына аудан әкімі­нің құттықтау хаты табысталып, қаза­­қы дәстүрмен иығына шапан жа­уып, құрмет көрсетілді. Сонымен бір­ге жергілікті суретші, Қазақстан Су­рет­­шілер одағының мүшесі Берік Бө­кешовтің картинасы тарту етілді.

Мұнан соң аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сай­лауов бастаған шығармашылық ұжым­ға Қызылорда облысы мен аудан әкім­дерінің құттықтау хаттары және естелік сыйлықтары тапсырылды. Мерейтой аясында басылымда ұзақ жыл ең­бек етіп, қолтаңбасын қалдырған арда­герлер мен қызметкерлер облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Кеш барысында профессор Тыныс­бек Қоңыратбаев толғанысқа то­лы ле­­бізін жеткізді. Ал айтыскер ақын Ер­­жеңіс Әбді «Толқын» газе­ті­нің ме­рей­тойына ар­нау айтып, көрерменнің ыстық ықы­ла­сына бөленді. Сондай-ақ «Ақ­тол­қын» би тобының өнері, жас орын­дау­шылардың ән-күйі, №260 мектеп оқушы­ларының «Қағазға түс­кен тағ­дырлар» атты сахналық көрінісі кештің көркін аша түсті. Шара аудан өнер­паздарының ме­рекелік концертіне ұласты.

Мерейтой аясында «Толқын» га­зетінің 95 жылдығы мен қазақ әде­бие­тінің көрнекті өкілі, ғалым, ұстаз Әуелбек Қоңыратбаевтың 120 жыл­дығына арналған ақындар мүшәй­ра­сы өтті. Ашылу салтана­тын­да аудандық мәдениет және тіл­­дерді дамыту бөлі­мінің басшысы Ба­­уыржан Махатов құттықтау сөз сөйледі. Мүшәйраға 11 ақын қаты­сып, шығармаларын оқыды. Сөз мар­жа­нын теріп, додаға түскен ақын­дар ара­сынан бас жүлде аралдық Дар­хан Аманжолұлының еншісіне бұ­йыр­ды. І орынды Қазалы ауданынан кел­ген Ақжол Түменбай иеленсе, ІІ орынның жүлдесі қызылордалық ақын­­­дар Аружан Оралбай мен Нұр­гүл Төлеубайға табысталды. ІІІ орын­ды Оңталап Жолдасов, Алтын­бек Қыс­таубаев және Ұлықбек Бек­ұзақ­ұлы ие­ленді. Сонымен қатар Зей­нолла Шү­­кіров атындағы арнайы жүл­дені шиелілік Бекжан Ер­жігіт қан­жығасына байлады. Жүл­делі орын иеле­ріне қар­жылай сый­лық­тар мен дип­ломдар табысталды.

Мерейтой бұқаралық ақпарат құ­ралдары өкілдері арасында ұйым­дас­тырылған шағын футболдан облыстық турнирмен айшықталды. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев турнир қатысушыларына сәт­тілік тіледі. Тартысты доп додасына 5 команда қатысып, қорытындысында жүлделі І орынды «Сыр медиа» ко­мандасы иеленсе, ІІ орын «Меншікті тілшілер» командасына бұйырды. Ал ІІІ орынға «Қызылорда-2» командасы лайық деп танылды. Ойынға белсе­не қатысқаны үшін «Толқын 95», «Қы­зылорда-1» командалары ынталандыру сыйлығына ие болды. Ойын барысында жеке шеберлігімен көзге түскен ойын­­шыларға, атап айтқанда, «Сыр ме­диа» командасының қақпашысы Аб­зал Жолтерекке «Үздік қақпашы», «Қызылорда-1» командасының ша­б­уылдаушысы Нұржан Батыршаевқа «Үздік сұрмерген», «Сыр медиа» ко­­­ман­дасының ойыншысы Ерасыл Шә­­­­рібекке «Көрермен көзайымы», мен­­­­шікті тілшілер өкілі Шыңғыс Аман­­­гелдіге «Үздік ойыншы» номи­нациялары табысталды. Жеңімпаз және жүлдегер командалар кубок, медаль, диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Ғасырға жуық уақыттан бері теңіз жағасындағы жұрттың шежіресін тасқа басып келе жатқан басылымның тағы бір белесі артта қалды.

«СБ» ақпарат