Арал қасіретінің салдарын Орталық Азия елдері ғана емес, одан тысқары жерлер де сезініп отыр – Президент

1200

0

Фото: Денис Французов/livejournal

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде экология саласындағы ынтымақтастықтың мәні зор екеніне тоқталды, деп хабарлайды Kazinform Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Қазақстан Президенті экология және климат проблематикасы, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын басқару жөніндегі бірлескен ғылыми-зерттеу және қолданбалы зерттеу жұмыстарын бастау маңызды деп есептейді. Оның айтуынша, бұл мәселенің СПЕКА елдерінің бәріне де қатысы бар. Бұл ретте бір ғана мемлекеттің жалғыз өзі табысқа жетуі мүмкін емес. Арал қасіреті – соның айқын дәлелі. Оның ауыр салдарын Орталық Азия елдері ғана емес, одан тысқары жерлер де сезініп отыр.

– Келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде бір кездері әлемдегі ең ірі тұйық су айдындарының бірі болған Арал маңындағы қоршаған орта деградациясының алдын алу жұмыстарын күшейтуге ерекше мән бермек. Каспий теңізіндегі күрделі экологиялық ахуал да алаңдаушылық туғызады. Теңіздің табаны тайызданып, оған құятын өзен суларының мөлшері күрт азайды. Биоресурстар қысқарып, антропогендік ластануға ұшырап жатыр. Каспийді құтқару ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басымдығына айналуға тиіс. Барлық мүдделі тарапты осынау бірегей су айдынының жағдайын жақсарту үшін ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамын. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз Каспийдің бейбітшілік және мүмкіндіктер теңізі ретіндегі мәртебесін нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Президент.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<